Неге «PFIZER»?
Неге «PFIZER»?
Төрткүл дүниеге таралған коронавирус індеті біздің мемлекетті де айналып өткен жоқ. Онымен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екендігін көпшілік түсінді. Жаппай екпе алу арқылы ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, COVID-19 пандемиясына қарсы тұра аламыз. Елімізде ақпан айынан бастап тұрғындарға «Спутник V», «QazVac», «Hayat-Vax», «Соronavac», «Sinopharm» екпе түрлері коронавирус індетіне қарсы салына бастады. Соның ішінде көпшіліктің ерекше құлшыныспен күткені Pfizer вакцинасы болды. Көптен күткен Pfizer Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шілде айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасының 2 миллион дозасы мамыр айында елімізге жеткізілетіндігін айтқан болатын. Жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, қолжетімді вакциналарды, оның ішінде халықаралық деңгейде мойындалған препараттарды көбейту қажеттігін, ол үшін тиісті тапсырмаларды былтыр бергендігін ескертті. Сонымен сарыла күткен вакцина елімізге қараша айының 10-ында бірақ жетті. Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион 230 мың дозасы сатып алынып, өңірлерге жіберілді. Яғни, 2 миллион 115 мың қазақстандық салдырады. Comirnaty - американдық Pfizer компаниясы мен Германияның BioNTech технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Вакцинация курсы 21-28 күн аралығында енгізілетін екі дозадан тұрады. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Америкалық Pfizer екпесінде коронавирустың генетикалық коды бар. Бірақ тірі коронавирус жоқ. Сондықтан екпе алған адам Covid-19 дертімен ауырмайды. Ұлыбританиялық ғалымдар COVID-19-дың «дельта» нұсқасына қарсы Pfizer-BioNTech, Oxford-AstraZeneca және Moderna компаниясы шығарған вакциналар тиімділігіне зерттеу жүргізді. Зерттеулер Pfizer-дің екі дозасы вирус жұқтыруға қарсы жоғары тиімділікке ие екендігін көрсетті. Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко «Спутник V» вакцинасының «дельта» штамына қарсы тиімділігі шамамен 83 пайыз деп мәлімдеген болатын. Ал Pfizer екпесінің тиімділігі 95 пайыз деп жарияланды. Аталған вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Әлемнің 142 елінде, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Еуропалық Одақ елдерінде қолданылады. Сондықтан дәл осы екпе түрін салдыруды көздегендер қатары қалың болуы заңдылық. Жамбылдықтарға да жетті Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, өңірімізде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау жүргізу бойынша дайындық жұмыстары өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, Pfizer вакцинасын егу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру мен оқыту жұмыстары белсенді жүргізілген. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес облыста 139 мың адам аталған екпені алуы тиіс. Бұл мақсатта мамандардан құралған арнайы мобильді топ түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жасөспірімдерге екпе егу жұмыстары ата-аналарының келісімімен ғана жүзеге асады. Облыс бойынша 441 білім ошағындағы медициналық пункттерде вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып, алғашқы егу жұмыстары облыс орталығындағы №5 емханада қарқынды түрде басталып та кетті. Вакцинацияны қолдаған ата-аналар қатары да қалың болды. Мәселен, қала тұрғыны Г.Тілбаева Pfizer вакцинасының алғашқы партиясының келгенін күтіп жүріп, жоғары сыныпта оқитын ұл-қыздарына екпе салдырғандығын, вирусты жеңуге тек вакцина көмектесетіндігін айтып, сондықтан өзге де ата-аналарға екпе алуға қарсы болмауға шақырды. Алғашқылардың бірі болып екпені ерікті түрде алған 11-сынып оқушысы А. Орынбасар алдымен жауапты дәрігердің арнайы бақылауынан өткендігін айтады. Одан кейін екпені қабылдап, күту залында 30 минут дәрігердің бақылауында болды. Ешқандай кері әсері байқалмаған соң үйіне қайтарылды. Ал әйелдер вакцинаны жүктіліктің 16-37 аптасы мерзімінде және босанған соң 42 күн өткен соң салдыра алады. «Жүкті әйел вакцина алса, баласы коронавирусқа қарсы иммунитетпен дүниеге келеді. Бірақ оның антиденесі қаншалықты болатыны әр ағзаға байланысты. Бала иммунитетпен дүниеге келеді деп толық айта аламыз», - «ZHANUYA» емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрбану Бердімбетова. Pfizer вакцинасына қатысты таяуда сынақ өткен. Онда 5-11 жас аралығындағы 4,5 мың баланың жартысына Pfizer вакцинасы, қалған жартысына плацеба салынған. Нәтижесінде сынаққа қатысқандардың иммунитеті артқан. АҚШ-та қараша айының басынан бері аталған екпе түрін 5 жастан бастап салу мақұлданды. BBC-дің мәліметі бойынша, Франция, Дания, Германия, Ирландия, Италия, Испания және Польша секілді еуропалық елдерде 12-15 жас аралығындағы балаларға Pfizer/BioNTech вакцинасын салу мақұлданған. Ал Украинада қазан айынан бастап 12 жастан асқан балаларға осы вакцинаны салуға рұқсат етілді. Көршілес Өзбекстан мемлекеті де қыркүйек айында америкалық вакцинаның 1,2 миллион дозасын сатып алып, 12-15 жас арасындағы балаларға егу жұмыстарын жүргізуде. Жамбыл облысында аталған вакцина бойынша жоспарланған 139 мың адамның 35 пайызы екпе алып үлгерді. Оның ішінде 4 мыңнан астамы жасөспірім, 300-ден астамы жүкті, 500-ге жуығы бала емізетін әйелдер. Сонымен қатар, 22 қарашадан бастап өңірімізде ревакцинациялау басталды. Pfizer вакцинасын салдырғандар да ревакцинациядан өтуі тиіс, яғни үшінші доза салдырады. Оларға 6 айдан кейін, инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник V) вакцинаны салғызу ұсынылады. Тағы бір ескеретін жайт, елімізде америкалық вакцинаға деген сұраныстың жоғары екендігі ескеріліп, оны ақылы түрде егуге рұқсат берілді. Жыл соңына дейін бағасы белгілі болмақ. Шынар САҒИЕВА