«Нұрлы жер»: Салынатын пәтер саны көбейетін болды

0

Алдағы 5 жылда Қазақстан бойынша 103 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Нұрлы жер» бағдарламасының жоспарына енгізілген өзгерістер туралы мәлімет берді.

«Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасындағы жоспарлы 15,2 млн.шаршы метрдің орнына 17 млн. шаршы метр тұрғын үй салуды міндетімізге алып отырмыз. Жыл соңында 163 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартып, оның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен 43,5 мың кезекте тұрған жанұя баспанамен қамтылатын болады. Яғни, оларға 22,5 мың әлеуметтік тұрғынжай және 21,0 мың жеңілдетілген қарыз берілетін болады», — деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй салынатынын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан дамудың оң серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,1% — ға артты (514 млрд.теңгеге орындалды). Құрылыс белсенділігінің өсуі Маңғыстау облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады (66,2%). Анықтама: көшбасшылар: Түркістан (264%), Солтүстік Қазақстан (154,5%), Қызылорда (144%), Ақмола (135,3), Қостанай (119,8%), Алматы (109,9%) облыстары және Алматы (144,7%), Шымкент (117,6%) қалалары. Құрылыс импульсі дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты болып отыр. Ал бұл құрылыс компанияларының кәсіпкерлік белсенділігін және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді», — деді министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мың пәтер беріледі деп күтілуде.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.