Демалыс орындары қайта жаңғыртылады

0 1

Тараз қаласындағы «Зербұлақ» және «Үш бұлақ» жағалауында аттракциондар паркі соғылады.  Оның жобасы аймақ басшысына таныстырылды.

«Зербұлақ» көлі жамбылдықтардың сүйікті демалыс орнындарының бірі еді, алайда уақыт өте көлдің тозығы жетіп, қараусыз қалды. Бас мердігер «South holiday» ЖШС 1,5 миллиард теңге салып, дәл осы аумақтан түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба әлеуметтік бағытта іске асады, тек мейрамхана мен үш бассейн орналасқан нысанға ғана кіру ақылы болады. Жалпы, кешен төрт аймақтан тұрады. Онда көлдің өзінің тамаша жағажайы және қайықтар мен катамарандарды жалға беруге арналған орын, тамаша көрініс беретін пирспен қамтылған орталық аллея және жақын жерде орналасқан спорт алаңшалары, арнайы балық аулау аймағы да қарастырылған. Сондай-ақ балалар алаңдары, қарттар үшін демалыс орындары ашылып, сәкілер орнатылады.

Жоба 2023 жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Мердігер бірінші кезеңде көлді тазартумен айналысады, оның түбін арнайы геомембранамен қаптап, тас төсейді. Жағажайға таза құм әкелініп, субұрқақтар орнатылады. Сондай-ақ, орталық аллея толық абаттандырылып, түрлі бағалы ағаш көшеттері отырғызылады.

«Жеңіс» саябағына іргелес «Үш бұлақ» жағалауындағы аттракциондар паркіне қала тұрғындарынан аса сұраныс болмады. Жаңа жоба бойынша саябақ балаларға арналған, отбасылық және экстремалды болып үш аймаққа бөлінеді. Әрқайсысы өзіндік аттракциондар жиынтығы болады. Әсіресе, айналмалы шолу аттракционы айрықша назар аудартады. Ондағы әр кабинка кондиционермен қамтылады. Америкалық тау үлгілері, әйгілі екі қабатты Лондон автобусының шағын көшірмесі, картинг алаңы, ролледром, теміржол, велосипед трассасы және барлық жастағылар үшін басқа да қызықты құрылғылар орнатылады.

Бердібек Сапарбаев жобамен танысып болғаннан кейін жұмыстарды ертерек бастап, халықаралық балалар күніне дейін аттракциондардың бір бөлігін іске қосу керектігін тапсырды.

Фарида Базарбаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.