Облыс әкімі Тараз қаласын жұмыс сапарымен аралады

0

Тараз қаласын кезекті рет аралауында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев алдымен «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенін жаңғыртудын үшінші кезеңі аясындағы жұмыстар барысын барлады. Қала тұрғындарының тынығуына арналған Талас өзенінің бойындағы ұзындығы 423 метрді құрайтын жағалау жұмыстары толығымен аяқталған десек, онда жайлы орындықтар орнатылған. Жұмыс барысында табиғи ландшафт барынша сақталған. Қолдан жасалған құздардан сарқырап аққан сарқырама көрер көзге әдемі әсер сыйлайды. Оған су арнайы қазылған құдықтардан құйылуда. Өзеннің қарама-қарсы жағалауын абаттандыру жобасы да дайын, көп ұзамай ол да іске аса бастамақ.

— Әр түрлі шағын сәулет нысандарын көбірек пайдалану, аумақты көгалдандырумен айналысу керек, — деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі жаңа әлеуметтік павильонның жұмысымен танысты. Бұл Тараздағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған осы секілді 14-ші сауда орны. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, мұндағы бағалар нарықтық бағадан 30-40 пайызға төмен. Айталық, картоптың келісі 115 теңге, қант – 220 теңге, жұмыртқа 27 теңгеге сатылуда. Сапасы жоғары, ал тауар түрлері ауқымды.

— Мұндай павильондарды пайдалану кезінде олардың халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы жасалғанын ұмытпаған жөн. Алып-сату фактілеріне жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын белгілеу қажет. Сондай-ақ жақын маңда тұратын мұқтаж отбасылардың тізімдерін жасақтаған жөн, төмендетілген бағадағы өнімнің негізгі тұтынушылары солар болуы керек, — деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.