Облыс әкімі жұмыс сапарымен Меркі ауданына барды

0 3

Меркі ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бірнеше кәсіпорындарды аралап, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.

Сарымолдаев ауылдық округінде орналасқан «Алкопищепром» ЖШС қаржылық мәселелерге байланысты соңғы бес жыл бойы тұралап тұрған. Дегенмен кәсіпорын иелері техникалық база мен мамандарды сақтап қалу үшін қолдан келген бар мүмкіншілікті қарастырған. Директор Рысбек Шөкенов жұмысты қайта бастайтын уақыт келгенін айтады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының өзіне бүгінге дейін 45 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Ең алдымен арақ өндіретін зауыт қайта жандануда. Біртіндеп көлем ұлғайған сайын спирт өндірісі іске қосылмақ. Соңғы қадам – консервіленген өнімдерді шығаруға арналған желіні реттеу.

Бір ай ішінде акциздік маркаларды санауға арналған құнды жабдықтардың түсуі күтілуде десек, содан кейін қаржы министрлігіне 10-ға жуық алкоголь өнім түрлерін өндіру бойынша лицензия алуға өтінім жіберілмек. Бастапқыда айына 200 мың бөтелке шығару жоспарлануда, салық аударымдар шамамен 90 миллион теңгені құрайды.

— Зауытты іске қосу үшін жақсы технолог маман қажет. Өндірісті бастауды жеделдетіп, жұмысқа жергілікті кадрларды тарту керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Меркі мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында иппотерапиямен емдеу жоспарлануда. Мекеме директоры Клара Рақаеваның айтуынша, мұндағы спортзалға күрделі жөндеу жүргізу қажет десек, 50 миллион теңгеге жуық қаржыны құрайтын ЖСҚ дайын. Аймақ басшысы нақты шешім мәселе жан-жақты сараланған соң ғана қабылданатынын баса айтты.

Облыс әкімі барған келесі нысан – «Жылыбұлақ Меркі» шаруа қожалығының 3,2 мың гектар егістік жері бар. Мұнда негізінен күздік бидай мен жаздық арпа, қант қызылшасы мен беде өсіріледі. Қожалықта мал шаруашылығы да назардан тыс қалмаған.

Шаруашылықта 22 мың қой, 488 жылқы, 189 бас мүйізді ірі қара және 63 түйе бар. Биыл 130 гектар жерге қант қызылшасы егілген десек, қолайлы ауа райы жақсы өнім алу мүмкіндігін арттыруда. Ал, «Трансфер» шаруа қожалығы тек 250 гектар аумаққа тәтті түбір дақылын өсіруде, олар «Еврохим» ЖШС тыңайтқыштарын пайдаланып отыр. Жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, өткен жылы мұнда түсім жақсы болып,  әр гектардан орта есеппен 700 центнердей өнім жиналған. Шаруашылық алқабының маңында облыс әкімі қант қызылшасын өсірушілермен арнайы кездесті. Өңір басшысы қырғыз тарапымен суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жақын арада үш су қоймасының құрылысы басталмақ, ол көршілерге су тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Билік шикізатты сатып алу бағасын субсидиялау бойынша өз міндеттемелерін орындайды. Қызылша өсірушілер өздерінің машина-трактор станциясын құруға ниет білдіріп, лизингке техника алу бойынша көмектесуді сұрады.

Тау бөктерінде орналасқан «Равшан» шаруа қожалығының алты гектар алма бағы арнайы сорғылардың көмегімен суарылады. Сорғылар арқылы су арықтарға жеткізіліп, ары қарай ағып  отырады. Ахметжан Бадаловтың айтуынша, өткен жылы қожалық рекордтық өнімге қол жеткізіп, әр гектардан 62 тонна алма алған. Олардың өнімдері елдің солтүстік және орталық аймақтарына бақшадан тікелей жөнелтіледі.

Кейінгі жылдары мемлекет балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлуде. «Bester yard» ЖШС бұл бағыттағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Гранитогорск ауылында балық өсіру және өңдеу бойынша кәсіпорынның құрылысын қолға алып үлгерген. Жоба құны – 250 миллион теңге. Онда төрт цех құрылысы салынып, 100 тонна бекіре және 100 тонна сом балығын өндіру жоспарлануда. Жетекшісі Сергей Ескиннің айтуынша, зауыт келесі жылдың күзінде іске қосылып, 45 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қырғызстанмен шекарадағы Аспара шатқалындағы шағын су қоймасы орналасатын аумаққа арнайы ат басын бұрды. Бөгеттің құрылысы алдын-ала  есеп бойынша 50 миллион текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді деп көзделуде. Жобаның нақты жүзеге асуы үшін арнайы мамандармен жан-жақты саралаулар жүргізу қажет.  Бұл орайда көршілес елдердің мүдделері ескеріліп, мемлекетаралық деңгейде шешілгені абзал. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Меркі» ауылының орталығындағы «Үміт» балалар мен жасөспірімдер Сарайының жанындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын барлады. Жобаның құны – 529,6 миллион теңге, мердігер –«Агроспецстрой» ЖШС. Мұнда бокс және күреспен айналысуға арналған залдар салынып, түрлі тренажерлер орнатылады. Құрылыс аяқталуға таяу десек,  қазіргі кезде әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары қалып отыр. Құрылысшылар кешенді 6 шілде – Елорда күніне орай пайдалануға беретіндеріне сендірді.

— Балалар мен жасөспірімдер сарайы мен салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мәдениет пен өнерден бастап спортқа дейінгі балаларға арналған барлық қызмет түрлерін ұсынатын біртұтас кешенге айналуы тиіс. Ал футбол алаңы мұнда жаттығатын барлық балалар үшін қолжетімді болуы керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.