Жаңалықтар

Облыс әкімі ғасыр жасаған аналарды құттықтады

Облыс әкімі ғасыр жасаған аналарды құттықтады

  Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ғасыр жасаған Тараз қаласының тұрғыны Ақбалық Келгенбаеваның шаңырағына арнайы барып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. 101 жастағы Ақбалық әже еңбекке ерте араласып, ұжымшарда түрлі жұмыстар жасап, қызылша өсірумен де айналысқан. Ол жұбайы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 25 немере, 30 шөбере сүйген. Тыл ардагері бірнеше еңбек медальдарымен марапатталған. «Мені арнайы келіп құттықтағаныңыз үшін көп рақмет. Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын! Жамандық біткен елімізден, жерімізден аулақ болсын», - деп ғасыр жасаған әже аналық ақ батасын берді. Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының тағы бір тұрғыны Райса Жандосованың шаңырағында болды. Тоқсан екі жастағы Райса әже әлі тың. Өмір жолын бала оқытуға арнаған ол қырық жылға жуық ұстаздық еткен. Бір кездері қалалық маслихаттың депутаты да болып, қоғамдық өмірге белсене атсалысқан. Жұбайымен төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ол бүгінде ұл-қызынан 11 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.