Облыс әкімі жамбылдықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Ербол Қарашөкеев құттықтауын фейсбук желісіндегі парақшасына жазды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды тұғыры биік Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
"Құрметті жамбылдықтар!
Баршаңызды ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
1991 жыл 16 желтоқсан. Бұл асқақ арман ақиқатқа айналған, ел шежіресінде алтын әріппен жазылған айтулы күн. Тәуелсіздік – толарсақтан саз кешіп, небір аласапыран, алмағайып кезеңдерді бастан өткерген бабалардың тәтті жеңісі. Бүгінгі ұрпақтың ең қымбат жемісі.
Биыл еліміздің еркіндіктің бесігінде тербелгеніне 33 жыл толып отыр. Әрине, тарих үшін бұл тым қысқа, тіпті қас-қағым сәт болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, осы өшпес жылдар белесінде «Мәңгілік елдің» іргетасы сапалы қаланды. Халқымыздың қайсарлығы мен ырысты ынтымағының арқасында қастерлі Отанымыз биікке өрлеп, әлем таныған іргелі мемлекетке айналды.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер».
Бұл сөздердің астарында үлкен ой, терең мән жатыр. Елдігіміз бен берекелі бірлігімізді, баянды тірлігімізді көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың асыл борышымыз!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызға мерейлі мерекеде зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап ата берсін! Әр азаматтың жүрегінде отанға деген мақтаныш оты сөнбесін! Егемендігіміз мәңгі, елдігіміз берік болсын!"- деп жазды аймақ басшысы.