Жаңалықтар

Облыстық драма театрда «Менің атым Қожа» қойылымының премьерасы өтті

Қойылымды 250-ге жуық мектеп оқушысы тамашалады

      Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Жамбыл облыстық драма театрында «Менің атым Қожа» қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
      Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы желісіндегі қойылымның қоюшы-режиссері - Саламат Мырзатаев. Актерлер құрамы да білікті жас мамандардан құралған.  «Менің атым Қожа» әңгімесінің желісі бойынша сахнаға жол тартқан жаңа қойылымда мектеп жасындағы оқушы Қожаның бастан кешкен қызықты оқиғалары баяндалады.
      Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл киноматографиясы бар туынды. Көрерменді қызыққа толы, уайым-қайғысыз және қауіпсіз болған балалық шаққа саяхатқа апарады. Сол үшін жанры ностальгия, яғни аңсау деп алынған. Жалпы қойылымда өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы қазақ ауылының өмірі - сол кездердегі
қойшылардың слеті, окушыларды еңбекке баулып, қой қырку мен шөп шабуға апару, сондай-ақ пионерлер өмірі суреттеледі.  
      Премьераға Тараздағы Әл-Фараби атындағы жеке меншік мектебінің 1-3 сынып аралығындағы 250-ге тарта оқушысы келген. Аталған оқу ордасының бастауыш сынып мұғалімі Әлия Төлегенованың айтуынша, “Менің атым Қожа” шығармасы оқу бағдарламасында бар.