Облыстық тамыз конференциясы өтті

0 51

Бүгін оқушылар сарайында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты облыстық тамыз конференциясы өтті.

Жиынға облыс әкімі, аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Республикалық мекемелердің қызметкерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Жоғары оқу орындарының басшылары, Еңбек ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары,   педагогтармен қосқанда барлығы 10000 адам (Offline – 350  адам және Online форматта facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы) қатысты.

Жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.

Аймақ басшысы «Білім мекемелері көрсеткіш үшін емес, баланың болашағы үшін қызмет етуі керек» екендігін атап өтті.

-» 2 жыл қатарынан төмен нәтиже көрсету – мектеп басшысының кәсіби біліктілігінің жеткіліксіздігінен деп ойлаймын. Басқару қабілетінің әлсіздігі білім сапасына кері әсер етеді. Осыған орай, білім басқармасына мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін зерделеп, әдістемелік көмек көрсету арқылы нақты шаралар қабылдауды тапсырамын»,- деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, биыл білім саласына 236 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына  7,6 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 6-ы пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін қалған 10 мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның 6-ы жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. 6 нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады (5 мектеп, 1 колледж қоймасы). Нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орнына тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілмек.Бұдан бөлек, 4,2 млрд. теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.

Сондай-ақ, биыл демеушілердің қолдауымен 150 млн. теңгеге психологиялық- медициналық- педагогикалық кабинеттердің материалдық базалары нығайып, қызметтік автокөліктер алынбақ. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Қаратау қаласындағы облыстық «Үміт» мектеп-интернаты 12 млн. теңгеге қажетті құралдармен қамтылған.

«Биыл қалада «Асыл Мирас» аутизм орталығы пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін №2 психологиялық-медициналық- педагогикалық консультациясы ашылмақ. Бүгінгі күні ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып, «Асыл Мирас» аутизм орталығында күндізгі ұзартылған топтарды ашу үшін қосымша ғимараттың, Оңалту орталығында  медициналық кабинеттер, спорт нысандарының құрылысы жоспарлануда»- деді облыс әкімі өз сөзінде.

 

Тілші: Диана Орынбасар

Leave A Reply

Your email address will not be published.