Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев лауазымды қызметке ұсынылды

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы арнасы хабарлады

Бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы лауазымына үміткерлер тізіміне енді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Астанада Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өңірлік спорт басқармаларының басшысын тағайындау бойынша комиссияның кезекті отырысы өткен. Отырыста Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығына ұсынылған төрт үміткердің кандидатурасы қарастырылды. Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығына бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жігер Айекешовтің, "Қайсар" футбол клубының директоры Садық Мұстафаевтың және Астана қаласы әкімдігінің "Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған "Елорда" спорт клубы" КММ басшысы Азамат Тагаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Еске салайық, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалған болатын.