Жаңалықтар

Олимпиада жеңімпаздарының еңбегі елеусіз қалмайды

Олимпиада жеңімпаздарының еңбегі елеусіз қалмайды

Төрт жылда бір келетін Токио жазғы Олимпиадасының басталуына бір жарым айдай ғана уақыт қалды.  Осыған орай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысушы спортшылармен кездесті.

Айтулы аламанға жамбылдық сегіз спортшы жолдама алған. Лицензия әлі де сарапқа салынуда.  XXXІІ жазғы Олимпиадада боксшы Әбілхан Аманқұл, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Ерғали Әлішер, су добынан Алтай Әлтаев, таэквондошы Руслан Жапаров өнер көрсетін болса, XVI жазғы Паралимпиада ойындарында жүзуден Зүльфия Габидуллина, таэквондодан Нышан Өмірәлі, жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы ел намысын қорғамақ.

Өңір басшысы Әулиеата жері талай талантарды тудырған құтты мекен екенін ерекше атап өтіп, еліміздің спорт тарихына аттары алтын әріппен жазылған Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, БолатЖұмаділов, И.Байрамуков, Б.Артаев, А.Таңатаров және тағы да басқа даңқты жамбылдық спортшылардың жетістіктерін тілге тиек етті.

Әрбір спортшының арманы – Олимпиадаға бару. Соңғы отыз жылда Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көтерілмеген Олимпиада болған емес. Кезекті Олимпиада қарсаңында сіздермен арнайы бас қосып отырмыз. Бұл ретте Паралимпиада ойындарының да маңызы зор. Ел тарихында алғаш рет жүзуден Паралимпиада чемпионы атанған Зулфия Габидуллина біздің мақтанышымыз, - деген облыс әкімі спортшыларға жеңіс, сәттілік тіледі.

Спортшылар қолдау танытып, жағдай жасап отырған облыс басшылығына алғыстарын білдіріп, алдағы айтулы аламанда көк байрағымызды биіктен желбіретуге барын салатындықтарын жеткізді. Ал Рио Паралимпидасының чемпионы Зульфия Габидуллина оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек етіп, әріптестеріне айтулы аламаннан тек жеңіспен оралуын тіледі. Футболдан  Ұлттық құрама мен ресейлік «ЦСКА» клубының ойыншысы  Бахтиер Зайнутдинов та олимпиадашылардың жеңісті жорығы жалғаса беруіне ниеттес екенін білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «ЦСКА» клубының жейдесін сыйға тартты.

Ал кездесу соңында Бердібек Сапарбаев Олимпиада жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне мемлекеттен ғана емес, облыс тарапынан да арнайы сыйақы тағайындалатынын айтты.