Олжас Бектенов Қырғыз Республикасының премьер-министрімен кездесті
Жиын соңында Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы хаттамасына қол қойылды.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту әлеуетіне тоқталды. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестиция, энергетика, су саласы, АӨК, көлік-логистика, туризм және тағы басқа да салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы осы жылдың 8 айында 21%-ға өсіп, $1,4 млрд-ты құрады.

Отырысқа қатысушылар Үкіметаралық кеңестің алдыңғы отырысында қабылданған бірлескен шаралардың жүзеге асырылу барысын қарады. Энергетика және сумен жабдықтау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимылға назар аударылды.
АӨК саласындағы өсудің жаңа бағыттары белгіленді. Биылғы 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі 42%-ға өсіп, $326 млн-ды құрады, оның 80%-дан астамы – Қазақстаннан шығатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты.
Тау туризмі – ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының бірі. Екі ел аумағында орналасқан Хан Тәңірі шыңында тау туризмі бағыттарын жандандыру мәселелері талқыланды.
Биыл Бішкекте мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аясында бірқатар іс-шара өтті, оның ішінде Қазақстандық кино күндері, ҚР халық әртісі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған концерт және тағы басқа да іс-шаралар бар. Көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Қазақ-қырғыз достығының алтын көпірі» ескерткіші мәдениетаралық диалогтің символына айналды.
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыты бойынша екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.