«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге жұмсалады
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге жұмсалады
Қазақстан үкіметі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті, деп хабарлайды Жамбылинфо Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап. Үкімет мәліметінше, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген. Айта кету керек, бұл соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.
Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет. Жалпы ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.