Жаңалықтар

Онлайн алаяқтардан қалай сақтанамыз?

Заманына қарай – адамы. Қазір алаяқтар «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызып-ақ» әккі әрекетін жүзеге асыра береді. Осылайша кей аңғал азаматтар бір ғана абайсызда жасаған іс-әрекетімен үйде отырып-ақ тоналып жатады.

Өкінше қарай, біздің Жамбыл облысында да интернет-алаяқтық дерегі жыл сайын артпаса, азайып жатқан жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша өңірде интернет алаяқтық дерегінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда +202,3%-ға яғни, 213–тен 644-ке ал, ауыр санаттағы интернет алаяқтық дерегі 71-ден 279-ға жоғарылаған. 
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Жамбыл облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полковнигі Валихан Ағыбаев мәлімдеді. 

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы қазір интернет-алаяқтарға қылмыс жасауға көмектескен, яғни қаражаттарды есеп-шоттардан шешіп берген немесе біреулерге өз есеп-шоттарын пайдалануға берген азаматтардың (дропперлер) заң алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өтті. 

Айта кетейік, 2025 жылдың 30 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде міндетті «салқындату» кезеңі енгізілді. Салқындату кезеңінің негізгі мақсаты – Қарыз алушыға шешім қабылдауға уақыт беру, осылайша қарыз шартын асығыс жасау немесе алаяқтық схемаларға тарту ықтималдығын азайту. Бұл орайда тұрғындарды өз есеп шоттарын өзге азаматтарға қолдануға мүлдем бермеуге және бөтеннің сұрауы бойынша есеп шоттардан қаражат шешпеуге шақырамыз! 
Ескерту! Интернет-алаяқтық қылмыстары көп жағдайда қоңырау шалу арқылы жасалатындығын ескеріп, бөтен адамдардан түскен әрбір қоңырауларды өзін таныстырған мекемеге тікелей хабарласу арқылы немесе полиция басқармасының «Cyberpol» тобына 99-66-07 байланыс нөмеріне хабарласып тексеру сұралады.