Жаңалықтар

Ораза кезінде вакцина салдыруға болады

Ораза кезінде вакцина салдыруға болады

Бірер күннен кейін барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Осымен екінші жыл ораза пандемиямен қатар келіп отыр. Дүниежүзін жайлаған індетке байланысты оразаны да сақтық талаптары сақтай отырып ұстауымызға тура келеді. Бұл жолы неге рұқсат, неге тыйым салынады? Биыл Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашар өткізуге рұқсат етіледі.  Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылады. Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беріледі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтты.

Сондай-ақ, пітір садақасын онлайн түрде Каспий банк қосымшасында «Пітір-садақа» бөлімі арқылы да аударуға болады. Биыл пітір садақасы жан басына 420 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Брифингте бас имам биылғы фидия мөлшерін де айтып өтті. Ол оразаның әр күні үшін 2500 теңге болып бекітілген. «Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия дегеніміз – ораза ұстауға шамасы келмеген адамның бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе 60 кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Оны ақшалай да беруге де болады. Оның мөлшерін әр елдің мүфтияты нарыққа байланысты белгілейді», - деді Б. Мырзагелдиев. Қасиетті ай сәуірдің 13 жұлдызында басталады, ал 12 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күн. Ұлық ораза айт мерекесі 13 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні мамырдың 8-нен 9-на қараған түні. Ораза кезінде вакцина салуға бола ма? "Жалпы, ораза жағдайында ішіп жеуден тыйылу керек. Сонымен бірге, сырттан салынатын уколдардың өзі егерде денеге күш қуат беретін болса, онда ол шариғатта тыйым салынады. Ал егер вакцинаның құрамдас бөлігінде адамның иммунитетін көтеретін құрылғылар болмаса, дәрігерлердің шешімімен нақты бекітілген жағдайда вакцина оразаны бұзбайды", - деп атап  айтты Бейбіт Әліпбекұлы. Нұрдаулет Асан