Жаңалықтар

Қордай ауданында асар әдісімен 15 отбасына үй салу жоспарлануда

Қордай ауданында асар әдісімен 15 отбасына үй салу жоспарлануда

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қордай ауданында тұрмысы төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ағымдағы жылы асар әдісімен 15 үй салу жоспарланған десек, жыл басынан бері 2 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген. Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Байсалдың айтуынша, ежелден келе жатқан игі дәстүрді жаңғырту жобасының басты мақсаты - мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету ғана емес, халықты бірлікке жұмылдыру. Аталған ауылдағы 2 баланың анасы Гүлжан Тұрлықожаеваға ауылдастары жаңа үй тарту етті. Бұған дейін ол балаларымен бірге тар, қолайсыз үйде тіршілік етіп келсе, енді барлық жағдай жасалған, кең ауласы бар, төрт бөлмелі жаңа үйдің иесі атанып отыр. Ауыл жастарының бастамасымен жалғызбасты анаға үй алып беру үшін қаржы жиналған. Оған ауылдықтар жабыла атсалысқан. Осылайша тұрғындар бір-екі айдың ішінде екі жарым миллион теңге жинады.

Айта кету керек, жаңа қоныс той иесінің жұмысқа орналасуына көмек көрсетілген. Қазір ол эколог болып жұмыс істеуде.