Жаңалықтар

Орынбеков – сенатор

Орынбеков – сенатор

Кеше  ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау өтті. Әлемдік пандемияға байланысты Орталық сайлау комиссиясы және аумақтық сайлау учаскелері тарапынан санитарлық талаптар мұқият сақталды.  Сенаторларды сайлаушы мәслихат депутаттарының қауіпсіздігі жіті бақыланды. Бұл жолғы Сенат депутаттарын сайлауға шетелдік байқаушылар көп қатыспады. Дегенмен, «Баласағұн» концерт залындағы сайлау учаскесінде зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған бақылаушылардың қарасы қалың болды. Дауыс беру алдында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов үміткерлерді халық қалаулыларына таныстырып, дауыс беру тәртібін түсіндірді. Бұдан кейін депутаттар рет-ретімен өз таңдауларын жасады. Дауыс беру қорытындысына сай аймақтағы 177 депутаттың 163-і облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат  Орынбековке дауыс берді. Осылайша Бекболат  Серікбекұлы  сайлаушылардың  92,7 пайыз дауысымен Сенат депутаты атанды. Ал екінші үміткер Оксана Борисюк депутаттардың 14-нің даусын жинады.