Өзбекстан ғалымдары жеуге жарамды вакцина жасады

0 4

Өзбек ғалымдары коронавирус гені енгізілген мақта, темекі, қызанақ өсіріп жатыр.

«Біз коронавирустың S ақуызын клондадық. Кейін оны қызанаққа енгіздік. Неге бұл өнім таңдалды деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені, бұл көкөністі біз термоөңдеуден өткізбей-ақ жей береміз. Егерде қызанақты суда қайнатсақ немесе ыстық температурада ұстасақ, онда вакцинаның қасиеті жойылып кетеді. Бұл өнім асқазан арқылы ішекке өткеннен кейін ағзаға еркін сіңеді. Содан соң антиденелер пайда бола бастайды», деп түсіндірді ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры Забардаст Буриев.

«Хабар 24» арнасының жазуынша, қазір жеуге жарамды вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Өнім зертханалық тышқандардың тамағына қосылып беріледі. Барлық тексерісті толыққанды жүргізу үшін шамамен 2-3 жыл уақыт қажет. Мамандардың айтуынша, мұндай вакцинаны өсіру мен қолдану үшін көп қаржы кетпейді.

Жалпы жеуге жарамды вакцина қолданыста бар тәжірибе. Бұған дейін де түрлі елдің ғалымдары гепатит, шешек сынды ауруларға қарсы тұра алатын өсімдік тектес екпелер жасаған. Қазір өзбек ғалымдарымен қатар Канада және Ресей мамандары да коронавирус инфекциясына қарсы жеуге жарамды вакцина жасап жатыр. Әзірге олардың ешбірі қолданысқа енген жоқ.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.