Өзбекстанмен шекаралас ауылдар Түркістан облысына қосылды

0

Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс және Хиебон ауылдары ресми түрде Түркістан облысына қосылды. Үкімет қаулысы премьер-министрдің ресми сайтында жарияланды.

 

«Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін», делінген Үкімет қаулысында.

Ауданы 750 гектар Бағыс ауылы Ақжар ауылдық округіне, ауданы 45,62 гектар Хиебон ауылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінің шекарасына қосылады. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының учаскелері туралы шартқа екі елдің тұңғыш президенттері 2002 жылы қол қойған. Енді осыған дейін Өзбекстанға тиесілі болған бес елді мекені бар Бағыс кенті мен Арнасай бөгеті шарт бойынша Қазақстанға берілді.

Түркістан облысының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Шекара маңындағы Бағыс ауылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша, ауылда 1143 адам (563 ер адам және 580 әйел адам) тұрған. Онда 19 жыл ресми тіркеусіз тұрған үйлер де бар. Елді мекен ресми түрде Қазақстан картасына енгізілмеген. Бұл мәселені тұрғындар да бірнеше рет әкімдікке барып көтерген.  Алайда облыс әкімдігі Бағыс ауылының проблемаларын шешуде екі елдің Сыртқы істер министрлігі шешуі тиіс «заңды аспектілер» бар деп есептеген.

Үкіметке Бағыс және Хиебон ауылдарының жағдайын анықтауды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. 16 наурызда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған жұмыс тобы ауыл тұрғындарымен кездесті. Сол кезде тұрғындар меншік пен жер телімдерін рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып мәселе көтерген болатын. Тұрғындардың айтуынша, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін жер мен суармалы судың жетіспеушілігі де өткір мәселе болып отыр. Сонымен қатар ауылдарда газ жоқ.

Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары облыс әкімдігіне тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша барлық шараны қабылдауды тапсырды. Нәтижесінде, елді мекендерге ресми мәртебе берілді, олардың шекаралары бекітілді, жер учаскелері мен мүліктерін түгендеу аяқталды. Шілдеде өңірдің алты ауылы табиғи газбен қамтамасыз етілмек, ал келесі жылы Бағыс ауылында 300 орындық мектеп салынады.

Сонымен қатар Қазақстан СІМ өкілдері Бағыс ауылы ауданындағы мемлекеттік шекара учаскесін демаркациялау 2004 жылы жүргізілгенін хабарлады. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарт жасасу арқылы Өзбекстанмен шекараны демаркациялауды аяқтау бір-екі жыл ішінде жоспарланып отыр. Бұл ретте, министрліктің пайымдауынша, бұл шарттың болмауы Бағыстағы жер учаскелерін рәсімдеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқықтық жағынан кедергі емес.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.