Жаңалықтар

Паралимпиаданың күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиге көлік пен пәтер берілді (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Жамбылдықтар спортшыны сән-салтанатымен қарсы алды

Париж төрінде өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиге көлік пен пәтер кілті берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бүгін жамбылдық жампозды жерлестері Тараздағы әуежейдан сән- салтанатымен қарсы алды. Бұдан соң, іс-шара Ж. Үшкемпіров атындағы Тараз-арена спорт сарайында жалғасты.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, Паралимпиада жүлдегерін құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Нұрдәулет Жұмағалидің төрт жылдықтың басты додасында ел абыройын асқақтатып, мерейін үстем еткенін атап өтіп, шетелдік маркалы көлік пен 2 бөлмелі баспананың кілтін табыстады. 

Сонымен қатар, Паралимпиада жүлдегерінің бапкеріне “Haval” көлігін тарту етті. 

Айта кетейік, Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасында 100 метрге брасс  әдісімен жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Ол финалға дейінгі іріктеуде Азия рекордын орнатқан еді. 
Спортшы өз мансабында екінші рет Паралимпиада жүлдесін алып отыр. 

Еске салайық, Токио ойындарында қазақстандық спортшы қола медаль иеленген болатын.