Пилоттық жоба: тұрғындардың табысы артты ма?

0 9

 

Тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобаның өңірімізде жүзеге асырылып жатқанына екі жыл.  Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды? Бірге сараптап шықсақ.

Жобаның бес бағыты бойынша 8,4 миллиард теңге несие таратылып, тиісті қаржы толық игерілді. Бұл қаражаттың 7,2 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 пайыз жеңілдікпен 2489 адамға таратылды. Облыстық бюджеттен «Тараз» МҚҰ» ЖШС арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына 1,2 миллиард теңге несие 5 пайыздық жеңілдікпен берілді.  Жобаға жалпы 10 ауданнан 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекен қатысты. Яғни, 2478 тұрғын қатысып, аталған округтерде 11 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды.

Бес бағыт бойынша тарқатып айтар болсақ, «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытында» 51100 тұрғыны бар 8337 ауланың 7856-і жобаға қатысты. Ал мал шаруашылығын дамыту бағытында несиелендірілген 2454 азамат 45032 бас төрт түлікті сатып алып, жобаға үлес қосты. Ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалану бағытында құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативі 10113 гектар алқапты 228 шаруа қожалығымен бірлесе игеруде.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі 932 гектар жер теліміне жеміс-жидек, көкөніс және бақша өнімдері егілген. Оған қажетті тұқымды алуға ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражатына 125, 9 миллион теңге несие берілген.  Бұл қаражатқа 472 тонна тұқым, 220 тонна минералдық тыңайтқыш, 64,7 мың литр жанар-жағармай мен 924 литр химиялық қорғау заттары алынып, пайдаланылған. Үй іргесіндегі жер телімдерін игеру 2019 жылмен салыстырғанда 2503 аулаға, 329 гектарға артып, өсім – 155 пайызды құраған.

Мал шаруашылығымен айналысып отырған 2454 жеке тұлға 6,4 миллиард теңгеге 45032 бас мал алған. Тарқатып айтсақ, оның 7589-ы мүйізді ірі қара, 6793-і жылқы, 26 650-і қой-ешкі, 4 мыңы құс. Бұдан бөлек 500 миллион теңгеге мал азығы сатып алынған. Оның ішінде, өзге өңірлерден Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан 5680 бас мал сатып әкелінген. Сатып алынған барлық ауыл шаруашылығы жануарлары қажетті ветеринариялық бақылаудан өтіп, ауыл шаруашылығы жануарлардың бірегей дерек қорына тіркелген. Жалпы жобаға қатысушы округтер бойынша өткен жылы 186 095 мал басы тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 37 308 басқа көп.

Осының есебінен ет өндірісі артқаны байқалады. Атап айтсақ, қанатқақты жоба аясында сатып алынған мал басын қосқанда, аталған округтер бойынша өткен жылы 4243 тонна ет өндіріліп ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 2758 тоннаға, яғни 2,8 есеге жоғарылаған.   Жоба аясында бұрын малы болмаған 1066 отбасы мал алып, қора-жай салып отырған жайы бар. Осындай оңды нәтиже көрсеткен пилоттық жоба биыл да жалғасын таппақ.

Нұрдаулет Асан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.