Пилоттық жоба: тұрғындардың табысын арттыра ма?

0 67

Мемлекеттің басты байлығы — адам дейтін болсақ, олардың бай-бақуатты тұрмыс-тіршілік етуі мемлекет үшін маңызды. Жыл сайынғы дәстүрлі жолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар да халықтың табысы мен тұрмысын жақсартуды, әл-ауқатын көтеруді көздейді. Бұл орайда республикада алғаш болып Жамбыл облысында екі жылдан бері тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба өзінің тиімділігін көрсетіп, енді еліміздің өзге де өңірлеріне облыстың тәжірибесі таратылып, қолданылатын болды.

Елбасының тапсырмасымен  

Жалпы Жамбыл облысында 1 миллион 200 мың халық тұрады. Оның 60 пайызы, яғни 608 мың адам – ауыл тұрғыны. Соның 328 мыңы еңбекке қабілетті. 2019 жылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін Елбасының тапсырмасымен пилоттық жоба қолға алынды. Оны жүзеге асыру үшін республикадан 7,5 миллиард теңге 2,5 пайыз ставкамен несиеге берілді. Оған қосымша, жергілікті бюджеттен 2 миллиард қаржы қаралды. Соның нәтижесінде 51 мың тұрғыны бар 8337 аула, 10 аудан, 11 елді мекен қамтылды, оларға 2400-ден астам несие берілді.

«Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың айтуынша, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту — үлкен әлеуметтік әлеуетке ие, уақтылы әрі қажетті жоба. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер берді.

— Өйткені өңірде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артты. Жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайтын болса, жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. Пилоттық жобаға енген ауылдарда 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Бастысы, пилоттық ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген бюджет қаражаты 1 миллиард теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге артты, — дейді Нұрғали Көрпетаев. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қарыз алушылардың несиесін уақтылы өтеуін бір жолға қойған. Нақтырақ айтқанда, бүгінге дейін корпорация облыстық бюджетке алдын ала түзілген кестеге сәйкес 1,9 миллиард теңге сомасындағы ақшалай қаражатты қайтарыпты. Жергілікті бюджет қорын толтырған бұл қаражатты тиімді пайдалана отырып, жобаны қайта жалғастыру жоспарланған.

Бес бағыт

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы 5 бағытта жүзеге асты: бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді пайдалану, екінші – мал басын көбейту, үшінші – ауыл сыртындағы жерлерді пайдалану, төртінші – техника беру, бесінші – кәсіп ашуға қолдау көрсету.

Жобаның бес бағыты бойынша 8,4 миллиард теңге несие таратылып, тиісті қаржы толық игерілген. «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытында» 51100 тұрғыны бар 8337 ауланың 7856-і жобаға қатысқан. Ал мал шаруашылығын дамыту бағытында несиелендірілген 2454 азамат 45032 бас төрт түлікті сатып алып, жобаға үлес қосты. Ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалану бағытында құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативі 10113 гектар алқапты 228 шаруа қожалығымен бірлесе игеруде.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі 932 гектар жер теліміне жеміс-жидек, көкөніс және бақша өнімдері егілген. Оған қажетті тұқымды алуға ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражатына 125, 9 миллион теңге несие берілген.  Бұл қаражатқа 472 тонна тұқым, 220 тонна минералдық тыңайтқыш, 64,7 мың литр жанар-жағармай мен 924 литр химиялық қорғау заттары алынып, пайдаланылған. Үй іргесіндегі жер телімдерін игеру 2019 жылмен салыстырғанда 2503 аулаға, 329 гектарға артып, өсім – 155 пайызды құраған.

Мал шаруашылығымен айналысып отырған 2454 жеке тұлға 6,4 миллиард теңгеге 45032 бас мал алған. Тарқатып айтсақ, оның 7589-ы мүйізді ірі қара, 6793-і жылқы, 26 650-і қой-ешкі, 4 мыңы құс. Бұдан бөлек 500 миллион теңгеге мал азығы сатып алынған. Оның ішінде, өзге өңірлерден Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан 5680 бас мал сатып әкелінген. Сатып алынған барлық ауыл шаруашылығы жануарлары қажетті ветеринариялық бақылаудан өтіп, ауыл шаруашылығы жануарлардың бірегей дерек қорына тіркелген. Жалпы жобаға қатысушы округтер бойынша өткен жылы 186 095 мал басы тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 37 308 басқа көп.

Осының есебінен ет өндірісі артқаны байқалады. Атап айтсақ, қанатқақты жоба аясында сатып алынған мал басын қосқанда, аталған округтер бойынша өткен жылы 4243 тонна ет өндіріліп ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 2758 тоннаға, яғни 2,8 есеге жоғарылаған.   Жоба аясында бұрын малы болмаған 1066 отбасы мал алып, қора-жай салып отырған жайы бар.  «Нәтижесінде 11 ауылдың өзінде 45 мыңнан астам мал сатып алынды, 10 мың гектардан астам жер біріктіріліп, кооператив құрылды, 190 техника алынып, өңдеу, жылыжайлар секілді 11 кәсіп ашылды. Осы жоба нәтижесінде 2 282 кәсіпкер ресми тіркелді, 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы бес жылда біздің жобамыз бойынша экономикалық тиімділік ең кемі 14,5 миллиард теңгені құрамақ», — деген еді өңір басшы Үкімет отырысында.  Жобаның тағы бір тиімділігі, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың саны азайды. 2019 жылы олардың саны 1 615 болса, қазір 1 058-ге азайып, 557-ні құраған. Қазіргі таңда облыста 78 елді мекенде бірде-бір адам АӘК алмайды.

– Бүгінгі күні жоба аясында берілген несиелердің кері қайтарылған қаражаты есебінен жобаны ары қарай жалғастыру үшін (Байзақ ауданының Үлгілі ауылдық округі, Жамбыл ауданынан Өрнек ауылдық округі, Жуалы ауданынан Ақсай ауылдық округі) 3 ауылдық округ пилоттық жобаға енгізіліп, 2,2 миллиард теңгеге несиелендіру жұмыстары басталды. Нәтижесінде ауылдық округтерде 300-ден аса жобаны іске асыру көзделуде. Жалпы 8,5 мың тұрғыны бар 3 ауылдық округтегі 1 446 аула қамтылады, — дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тәжібеков.

Осылайша, өңірде 2019 жылы басталған тың жоба биыл да өз жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының игілігіне айналып отыр.

Шынар Сағиева

Leave A Reply

Your email address will not be published.