Президент Орталық Азияға ортақ хабар тарататын телеарна құруды ұсынды

0 34

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға ортақ хабар тарататын телеарна немесе сайт құруды ұсынды.

«Ақпарат кеңістігінде бүкіл өңірге зиян төндіретін жағымсыз құбылыстардың алдын алу жолында күш біріктіргеніміз дұрыс болар еді. Бұл жұмыстың негізгі мәні достығымыздың тұтастығын сақтау болуға тиіс. Бізге этносаралық және мемлекетаралық алауыздықты өршіту арқылы қарым-қатынасымызға сына қағуға, халықтарды бөлекшеуге бағытталған әрекеттердің бәріне бірлесіп қарсы тұру керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл проблеманы шешудің жолын да атады.

«Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарымызда аймақ елдерінің тыныс-тіршілігін көрсететін ақпараттар әлі күнге дейін тапшы. Бұл тенденцияны бұзса дұрыс болады. Бәлкім жалпыөңірлік телеарна немесе жаңалық тарататын интернет-сайт құру керек шығар», — деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда. Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барғанын жазған болатынбыз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.