Президент Жолдауы халықтың көкейінде жүрген басты проблемаларды ашық көрсетті – сарапшы
Президент Жолдауы халықтың көкейінде жүрген басты проблемаларды ашық көрсетті – сарапшы
Президент Жолдауы – ауқымды бағдарламалық маңызы бар құжат. Онда мемлекеттік аппарат пен жалпы қоғам үшін ұзақ мерзімді бағыт-бағдарлар, өзекті басымдықтар нақты көрсетілген. Бұл пікірді ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова айтты. «Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген басты проблемаларды ашық көрсетті. Атап айтсақ, еліміздің экономикасын көтеруге және әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қаражаттың дұрыс жұмсалмауы, ауыл шаруашылығы секторындағы көкейтесті ахуал, аймақтардың жағдайын қиындата түскен су мен жем-шөп тапшылығы, білім беру мен ғылым саласындағы қиындықтар және басқа да жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелер. Осылайша Президент қарапайым заттар экономикасы, табиғи және техногендік ресурстардың тапшылығы жөнінде есімізге салып, оларды сақтау мен көбейту бойынша нақты міндеттерді көрсетіп берді», - дейді сарапшы. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясының жалпыәлемдік дағдарысы халық табысына теріс ықпалын тигізуде, халықты кредиттерді шамадан тыс алуға мәжбүрлеуде. Бұл мәселеге аса назар бөлініп, келесі жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге артатыны белгілі болды. Сондай-ақ, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі. Сала қызметкерлері санатына музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары кіреді, демек мұғалімдер, дәрігерлермен қатар бұл санаттағы азаматтарымызға да айлықты көбейту жұмыстары қолға алынбақ. «Жолдауда көрсетілген ғылымды дамытудың басымдықтары мен тапсырмалары ғалымдар қауымдастығы мен ғылыми зерттеу институттарының көптен күткен күрделі мәселелерінің оңтайлы шешімі екені анық. Жақында Ұлттық университеттердегі профессорлардың жалақысы 450 мың теңгеден кем болмасын деген министрлік талабы шыққан. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғалымдарға берілетін мемлекеттік гранттар мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады. Ол бастама іргелі, сондай-ақ практикалық маңызы бар ғылыми зерттеулердің сапасын көтеруге, және ғалымдардың бір зерттеу тақырыбын ұзақ мерзімде, жан-жақты, терең зерттеуге жол ашатыны сөзсіз. Ғылым саласында заңнаманы өзгерту жөнінде пікір-таластардың орын алып жатқаны белгілі, осы ретте жыл соңына дейін Ғылым туралы заңға тиісті өзгертулер енгізу жөніндегі Президент тапсырмасы – уақытылы әрі пәрменді қадам», - дейді М. Бектенова. Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін денсаулық саласы да Президент назарынан тыс қалған жоқ. Президент вакцинаның көмегімен талай қауіпті індеттерге тосқауыл қойылғанын еске сала отырып, еліміздің вакцина мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарап, жүйелі түрде вакцина қорларын көбейтіп тұруға тапсырма берді. Мемлекет басшысы елдегі вакцинаға қарама-қайшы көзқарастардың бар екенін мойындап, отандық вакцинаның қауіпсіз екенін айтып, жалпы азаматтарды вакцинадан қорықпай, ресми ақпаратқа сүйеніп, өз денсаулығы мен жақындары үшін вакцина алудың маңызын ашып көрсетті. Осы орайда, жақында QazVac отандық вакцинасы клиникалық сынақтан өткізіліп, 1-ші және 2-ші кезең нәтижелері «THE LANCET» еуропалық журналында жарияланды. «Президент Қ.Тоқаев ел тұғырын биіктету мен тәуелсіздігімізді нығайтуда ең бастысы ұлттың ұйысуы, ұлтаралық келісімнің және өзара сыйластықтың болуы маңызды екенін осы Жолдауда тағы да ерекше атап көрсетті. Мемлекеттік тілдің конституциялық деңгейдегі мәртебесін және ұлт бірлігі үшін маңызды рөлін айта келіп, Мемлекет басшысы өзге тілдер мен ұлт өкілдерін сыйлау арқылы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды», - дейді М. Бектенова.