Президенттің жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болады

0 33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қояды, деп хабарлайды Ақорда.

«Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті ұлықтау рәсімінде.

Президент осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсыратынын айтты.

«Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», — деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтуде. Бұл инаугурация – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.

Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.