Қанды оқиғадан кейін Жамбылдағы мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

0

Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте орын алған қайғылы оқиға баршаны алаңдатып қана қоймай, сабақ болуы тиіс. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын барынша күйшейтуге қатысты тапсырмасы бойынша облыс әкімдігінде арнайы шұғыл жиын өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа тиісті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

«Барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын нығайтуға көңіл бөлу керек. Бұл тұрғыда алдымен мектептер мен колледждерде қауіпсіздік ережесі қаншалықты сақталып отырғанын тексеріп алу – аса маңызды. Төтенше жағдайлар департаменті білім басқармасымен бірлесіп, арнайы оқу-жаттығулар өткізгені абзал. Қазір барлық оқу орындары бейнекамералармен қамтылғанын айтып жүрміз, бірақ олардың жұмыс істеу сапасы мұқият тексерілуі тиіс. Ол камераларды кім қарап отыр, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылған ба, мектептерге кіріп-шығып жатқан адамдарды саралап отырған біреу бар ма? Ең бірінші осы сұрақтар бойынша нақты жұмыс жүргізу керекпіз»,- деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп әкімшілігімен қатар ата-аналардың да балалары үшін жауапкершілігін арттыра түсу қажеттігін баса айтты. Жас өспірімдер арасында зорлық-зомбылық әрекеттерді насихаттайтын электронды сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларды анықтау бойынша шаралар да пысықталды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы аудан әкімдеріне, ТЖД басшылығына өңірде тілсіз жаудың алдын алу, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына барлау жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.