Қазақстан құрамасы Үндістанда өтіп жатқан шахмат Олимпиадасына көк байрақсыз келген

0 103

Қазақстан құрамасы Үндістанда өтіп жатқан шахматтан 44-ші Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шыға алмаған. Бұл туралы айтқан шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Шахмат федерациясын жауапсыздық танытты деп айыптады.

Таңжарықованың айтуынша, Олимпиаданың ашылу салтанатының соңында 186 ұлттық құрама туын көтеріп, шерулеткен. Тек Қазақстан құрамасы тусыз қалған.

«Құрама саны 186 болса, неге ту саны 185 дейсіздер ғой? Өйткені олимпиадаға Қазақстан Республикасы құрама командасының қатысуын ұйымдастыруға жауапты Шахмат федерациясы жауапсыздық танытып, қажет емес деп тауып, 20 мың теңгені қимай, қасақана қолдан ұйымдастырып, Дүниежүзілік Олимпиада ойындарына Қазақстан туын әдейі алмай келді», — деп жазады шахматшы қыздың анасы.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы шеруде тусыз жүріп өткен. Бұл жағдайды ұят әрі масқара деп суреттеген әйел бәлкім Хұсайынов пен Сәдуақасовты (Ғалым Хұсайынов Қазақстан шахмат федерациясының директоры және Дәрмен Сәдуақасов орынбасары – Ред.) мырзалар тудың ең маңызды мемлекеттік рәміздер екенін білмей ме деп таңданады.

«Барлығын кешіруге болады, бірақ туға қатыстыны емес. Ұлттық құраманы ұлттық құрама ететін сол — ту. Ал бүгін Олимпиада ойындарында отаны жоқ қаңғыбастар секілді жүрген құрамамызды бүкіл әлем көрді. Шахмат федерациясы Қазақстан құрамасын мемлекеттік туынан айырып, бүкіл Қазақстан халқына құрметсіздік көрсетті. Ал бұның артында не тұрғанына қарамастан, федерация Қазақстан Республикасы құрамасының қолында неліктен тудың болмағанына жауап беруі керек», — деп түйіндейді Лиана Таңжарықова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.