Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйістер

0 145

Елімізде өткен апта ішінде бірқатар кадрлық тағайындау болды, деп хабарлайды Жамбыл инфо, ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 4 шілде күні еліміздің ішкі істер органдарында бірқатар тағайындау болды. Атап айтқанда, Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының басшысы болып Дулат Жұмағұлов тағайындалды.

Сондай-ақ, көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары болып Оралбек Омаров және Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне Бауыржан Әбенов бекітілді.

Ал Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметіне Нариман Акбаров тағайындалды.

Дүйсенбі күні Олжас Сыдықбек Elorda Aqparat ЖШС директоры болып тағайындалды. Олжас Дәуренұлы 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша, 2010 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетін «Режиссерлік» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әртүрлі жылдары Қазақ радиосында, телеарналарда жұмыс істеген. «Қазақстан» республикалық телерадиокешені» АҚ бөлім бастығы, ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік жұмысы орталығының басшысы қызметтерін атқарған. Бұған дейін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония бас директорының орынбасары болған.

7 күні ҚР Үкіметінің қаулысымен Ержан Біржанов Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ержан Біржанов 1979 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Солтүстік Қазақстан заң академиясын, М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетін, Бизнес және халықаралық зерттеулер университетін (Швейцария) бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы СҚО бойынша Салық комитетінің жергілікті салықтар секторының аға салық инспекторы болып бастады. 1999-2004 жылдары СҚО бойынша Салық комитетінде жұмыс істеді. 2004-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды. 2014 жылғы наурыз-қараша аралығында – ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сарапшысы. 2014-2017 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаңғырту департаментінің директоры. 2017 жылы «Казимпэкс» республикалық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2017-2021 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етті. 2021 жылғы наурыздан бастап ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.

Сол күні ҚР Үкіметінің қаулысымен Бейбіт Есенбаев Денсаулық сақтау вице-министрі болды. Бейбіт Есенбаев 1985 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетін бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы жеке меншік ұйымда инженер-бағдарламашы болып бастады. 2009-2011 жж. — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Инвестициялық жобаларды мониторингтеу және дамыту басқармасының сарапшысы. 2011-2013 жж. — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, басшысы. 2013-2017 жж. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында бөлімшелерді басқарған. 2017-2020 жж. — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры. 2020 жылғы қыркүйектен бастап — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры.

Бейсенбі күні ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Жарқын Белгібеков СҚО-ның табиғат қорғау прокуроры болып тағайындалды. Жарқын Белгібеков 1983 жылы СҚО Есіл ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Үйленген. Білімі жоғары. Сыныптық шені — кіші әділет кеңесшісі. Прокуратура органдарында 2009 жылдан бастап қызмет етеді. Еңбек жолын СҚО Уәлиханов ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Мамлют, Аққайың аудандары прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры, басқарманың аға прокуроры, облыс прокурорының көмекшісі лауазымдарын атқарған. 2019 жылдың маусымынан бері СҚО прокуратурасының аппаратында облыс прокурорының жұмылдыру жұмыстары бойынша аға көмекшісі болды.

8 шілде күні Мемлекет басшысының келісімімен және Бас прокурордың бұйрығымен Дастан Секенов бас әскери прокурор болып тағайындалды. Дастан Әбдіқадырұлы прокуратура органдарындағы қызметін 1996 жылы Алматы қаласының Ақсай ауданында тағылымдамашы болып бастаған. 2001 жылға дейін Алматы қаласының прокуратурасында түрлі лауазымдарда жұмыс жасады. 2001-2009 жылдар аралығында Бас әскери прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. 2009 жылы Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры болып тағайындалды. 2014-2018 жылдары Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінде департаменттерді басқарды. 2018 жылы Президент Әкімшілігінде еңбек етіп, 2019 жылы Мемлекеттік-құқықтық бөлімнің сектор меңгерушісі болып тағайындалды. 2019-2021 жылдары — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы болды. 2021 жылғы мамыр айынан бастап Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Сыныптық шені: әділет полковнигі. «Құрмет» орденімен марапатталған (2015 жылы).

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.