Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?

0 10

Кейінгі қарулы қақтығыстарда, әсіресе Украинадағы және Таулы Қарабақтағы, Ауғанстандағы соғыстарда әскери дрондар шешуші рөл атқарып жатыр. Осы тұста Қазақстан қарулы күштеріндегі әскери дрондарды түгендедік. Қазақстан әскерінде қанша дрон бар, олардың мүмкіндігі қандай? Дрон саны бойынша қай елдер мықты?

Қазақстан қорғаныс министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінше, қазір ел әскерінде Қытайдың WingLoong-1 және Израильдің Skylark-1LEX әскери дрондары бар. Ведомство Түркияның Аnka әскери дронын сатып алуды қарастырып жатқанын, ал түріктің атышулы Bayraktar-TB2 дронын алу жоспарда жоғын мәлімдеді.

«Әскери мамандар жоғары жауынгерлік тиімділікті көрсеткен Түркияның жедел-тактикалық Bayraktar-TB2 ұшқышсыз ұшу аппаратын зерделеді. Алайда оның техникалық сипаттамалары біздің климаттық жағдайымызға келмейді. Сондықтан қарулы күштерде оларды сатып алу қарастырылмаған» деді қорғаныс министрлігі Азаттыққа жауабында.

Енді Қазақстан әскерінде бар (алуды жоспарлайтын) дрондардың ерекшеліктеріне кеңірек тоқталайық.

WingLoong-1 дроны

Әскери техникалар жайлы жазатын Army-technology.com сайтының мәліметінше, Қытайдың WingLoong-1 дроны бомба, ракета атуға арналған. Бұл ұшқышсыз аппарат 200 келіге дейін жүк көтере алады. Дронның ұзындығы 9 метр, ал қанатының құлашы 14 метрге жетеді. Қытай WingLoong-1 дроны 5000 м биіктікке дейін көтеріліп, 4000 шақырымға дейін ұша алады дейді.

WingLoong-1 дроны Қытайдағы әскери шеруде. 2015 жыл.

Қазақстан бұл дронның екі данасын 2016 жылы сатып алып, 2017 жылы әскери шеруде көрсетті. Army-technology.com сайты WingLoong-1 дронын 2011 жылы БАӘ, 2016 жылы Сауд Арабиясы, 2019 жылы Сербия сатып алғанын жазады. Бұл аппарат Алжир, Египет, Индонезия, Нигерия және Өзбекстан әскерінде де бар.

Қытайдың бұл дроны шын соғыста әлі сыналып көрмеген.

Skylark-1LEX дроны

Army-technology.com сайтының мәліметінше, Израильдің Skylark-1LEX шағын дронының салмағы 7,5 келі; өзі 1,2 келі жүк алып жүре алады. Бұл дрон бомба я ракета тастауға/атуға бейімделмеген, тек әуеден барлау жасап келуге, таулар мен далаларды шолуға, шекараларды бақылауға антитеррорлық операцияларға пайдаланады.

Skylark-1LEX дроны

Skylark-1LEX сипаттамасында «әскери дрон 4572 метрге көтеріледі, аспанда үш сағат ұшып жүреді және 40 шақырым қашықтықтағы жерлерден дерек бере алады» деп жазылған.

Anka дроны

Қазақстан Түркиядан Аnka дронының үш данасын сатып алатыны туралы ақпарат 2021 жылы шыға бастады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Түркия бұл дронды Қазақстанға 2023 жылы жеткізуі тиіс.

Аnka дроны.

Airforce-technology.com сайты мен ашық дереккөздердегі мәліметке сай, Аnka ракета және әуе бомбаларын тастайды және өзі барлау жүргізуге қауқарлы. Дронның ұзындығы 8 метр, қанатының құлашы 17,3 метр, 8000 метрге дейін көтеріле алады және Anka сипаттамасында «кез келген ауа райында ұшатыны және түнде де барлау жасай алатыны» жазылған.

Бұл дрон Сириядағы ұрысқа қатысып, шын қақтығыста сыналған. Қытайдың WingLoong-1 дронынына басты ерекшелігі – осы.

Түркияның квазисекторлық «Түрік аэроғарыш кәсіпорны» (TUSAŞ) бұл ұшқышсыз аппаратты 2004 жылы Түркия қарулы күштеріне арнап, құрастыра бастаған, 2010 жылы алғашқы сынағы өтті. Anka Түркия билігіне қарайтын компания жасаса, Bayraktar-TB2 дронын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеубаласы иелік ететін жеке компания құрастырған. Түркия Сириядағы ұрыста Anka мен Bayraktar-TB2 дронын тандемде қолданды.

 

Дереккөз: www.azattyq.org

Leave A Reply

Your email address will not be published.