QazVac вакцинасы өңірлерге қалай таратылады?

0 0

Медицина қызметкерлері QazVac вакцинасын егу тәртібімен және нұсқаулықтармен таныстырылды. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлім етті.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында QazVac вакцинасын егу қашан басталатындығы және екпе Қазақстанның емханаларында қай кезде пайда болатындығы сұралды.

«Медициналық ұйымдарға жеткізу жағдайына қарай 26 сәуірден бастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде медицина қызметкерлерін нұсқаулықпен таныстыру жүріп жатыр. Яғни екпені салқындату режимі, оны егу тәртібі түсіндіріліп отыр», — деді А. Қуатбаева.

Өз кезегінде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл қазіргі уақытта министрлік өңірлер бойынша тиісті жұмыстады пысықтағанын атап өтті.

«Халықтың орналасу тығыздығына байланысты мыңнан үш мыңға дейінгі доза вакцина таратылады. Яғни бұл вакцина барлық өңірде болуы керек. Ертеңнен бастап кейбір өңірлердің медициналық ұйымдары осы вакцинаны алуы мүмкін. Жалпы, дүйсенбіден бастап вакцина тиісті медициналық ұйымдарға таратылып болады», — деді М. Смағұл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстандық QazVac вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді.

QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады.

Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.