Қоғам өкілдерінің қатысуымен қайта талдау жасау керек

0 2

Агенттік өкілдерінің қатысуымен Жуалы ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Олжас Қаржауов пен бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов пен арнайы мониторинг тобының жетекшісі Керімқұл Бегалиевтың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауданда атқарылған жұмыс есебі тыңдалды. Ауданда қанша бөлімде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалғанын, онда қанша тәуекел анықталғанын, заң тармақтарының қанша пункті орындалғандығы жайында сөз болды. 11 бөлімде жүргізілген талдау нәтижесінде екі тәуекел ғана анықталған. Жазира Жылқышиева талдаудың формальды жүргізілгенін айтып, аудан басшысына өткен жыл мен биылғы жылдың І жартыжылдығына қайта талдау жасау керектігін, оған қоғам өкілдерін қатыстыру қажеттігін тапсырды. Және барлығы ашық, жариялы түрде жүргізілуін ескертті. Аудан әкімі Олжас Еселханұлы бұл бағыттағы жұмыстың кемшіліктерін мойындап, бүгінгі таңда оларды түзету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізетіндігін айтты.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева өз кезегінде, еліміздің аймақтарындағы іссапарының мақсаты — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру екінін айтып, Заңдағы өзгерістерге жеке-жеке тоқталып, түсінідіріп өтті. Агенттіктің саясаты мен атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Сонымен қатар 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы, оның ішінде 2018-2020 жылдарға арналған жоспардың тармақтарын өңірдегі орындалуы жайында сөз қозғады. Комиссия отырысында зиялы қауым өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға, тұшымды жауап берілді. Мемлекеттік қызметкер әр құжатпен жұмыс істегенде, оның артында бір адамның тағдыры тұрғанын естен шығармауы тиіс. Басты мақсат- халыққа сапалы қызмет көрсетіп, қолайлы орта қалыптастыру маңызды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.