Қой түріндегі парадан бас тартқан полицей медальмен марапатталды

0 66

Пара ретінде қой ұсынған ақмолалықтың сыйын алмаған полиция қызметкерін Ішкі істер министрі медальмен марапаттады, деп хабарлайды Жамбылинфо Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен ішкі істер органдарының бірден үш қызметкері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін»медальдармен марапатталды.

Олардың бірі Ақмола облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Салтанат Жакенова. Қазан айының ортасында колониядан босап шыққан ер адам Салтанат Жакеноваға қоңырау шалып, оған бір қой мен ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруды ұсынып, өзімен бірге тұратын әйелді пробациялық тексеруден босатуды сұраған. Осыған байланысты 37 жастағы ақмолалық тұрғын ұсталып, үстінен пара беруге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, 21 қазанда елордадағы дүкендердің бірінің сатушысы 21 жасқа толмаған азаматқа алкоголь мен темекі сатқан. Ол әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Құлжановтың күртешесінің қалтасына 50 мың теңге салған. Дәл осы сәт полицейдің видеотіркегішіне түсіп қалады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ал 24 қазанда Атырау-Орал автожолында патрульдік полиция қызметкері Ризабек Сапанов Chevrolet Lacetti көлігін тоқтатады. Рульде Ресей Федерациясының 32 жастағы азаматы отырған. Оның сақтандыру полисі болмаған. Көлік жүргізушісі инспекторға құжаттарын ұсынғанда өзін әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін сыйақы түрінде 500 рубльді қоса берген. Ақшаны беріп жатқан сәт Сапановтың видеотіркегішіне түсіп қалған. Ол дереу оқиға орнына Атырау қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобын шақырады. Осы факті бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.