Жаңалықтар

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады — Нұрлан Әбдіров

Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті

Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Kazinform-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, соңғы деректер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487-ге жеткен. Дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 адам қатысқан, олар референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы.

Оның айтуынша, жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729-ды құрады. Жарамсыз деп танылған 130 267 бюллетень анықталды.

Еске салайық, кеше қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді.

Кеше 20:00-дегі жағдай бойынша 7 820 918 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 63,87 пайызы. 

«Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қоры дайындаған exit poll нәтижесінде қазақстандықтардың 69,8 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді.