Ресей азаматы Қазақстаннан 3 жыл бойы зейнетақы алып келген

0 2

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көші-қон қызметінің мамандары өңір аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша күнделікті жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері қос азаматтықпен жүрген 60-тан астам адам тіркелген. «4 қазанда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен салыстыру кезінде 19 жыл бұрын Ресей Федерациясының азаматтығын алған Глубокое ауданының 66 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам 16 жыл бойы Ресейде зейнетақы алып, 2018 жылы зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін Қазақстан аумағында да зейнетақы ресімдеген. Қазіргі уақытта заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу мәселесі қарастырылуда», — делінген хабарламада. Ведомство дерегінше, басқа елдің азаматтығына кіретін адам қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет. Ол үшін 30 күндік мерзімде ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы хабарлап, Қазақстанның төлқұжаты мен жеке куәлігін тапсыруы тиіс. «Өкінішке қарай, өңірдің кей тұрғындары бұл талапты елемейді. Қос азаматтықпен жүрудің негізгі себептерінің бірі – карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту. Қазақстан азаматтарының құжаттарын пайдаланғаны үшін шетелдіктерге ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабына сәйкес 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады», — деді облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.