Жаңалықтар

Республика күні қарсаңында Талас ауданы Ақтөбе ауылына таза ауыз су берілді

Ауылда 117 адам тұрады

Республика күніне орай Талас ауданы Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының халқына сапалы ауыз су берілді.
Ақтөбе ауылында 17 отбасы  яғни, 117 адам тұрады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Биыл «Forte Сapital» ЖШС-і қысқа мерзім ішінде кешенді блок-модуль орнатты. Бұл құрылғы тұрғындардың сапалы тіршілік нәрімен қамтылуына ықпал етеді. Жоба құны 129,5 млн.теңгені құрайды.

Ауыл ақсақалы Дулатбай Бұрханов халықты ауыз сумен жабдықтауға ықпал еткен азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Қызыләуіт ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Байақов болса, бұл маңызды нысанның арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсаратынына сенім білдірді.

Бүгінде Талас ауданының 6 ауылдық елді мекенінде (Сейібек, Қожағаппар, Тұрымқұл, Қараой, Арал, Қайыр ауылдары) ауыз су нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 22 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу, 15 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Нәтижесінде халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 94,9-дан 98,1 пайызға дейін артады.