Жаңалықтар

Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Еліміздің инфрақұрылымын дамытуда құрылысшылар еңбегінің маңызы зор екендігі анық. Бүгінде аталған сала қарыштап дамып, заманға сай жаңа мүмкіндіктер мен игіліктерді игеріп келеді. Ал, тамыздың екінші жексенбісі құрылысшылар күні жыл сайын аталып өтуде. Мереке қарсаңында өңір инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін сала мамандарына құрмет көрсетілді. «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде орналасқан тарихи-өлкетану музейінде өткен басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен құрылыс саласының қызметкерлері мен жауапты басқарма басшылары қатысты.

Салтанатты жиында Нұржан Календеров өңірдің экономикалық көрсеткіштерін қалыптастыруда құрылыс саласының рөлі басым екендігін жеткізіп, құрылысшыларды құттықтады.

– Құрылысшы – жауапкершілігі жоғары, құрметті және абыройлы мамандық. Ерен еңбегіңіздің арқасында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, небір зәулім ғимараттар бой көтеруде. Мемлекетіміздің басымдық сипатын айқындайтын қолжетімді баспана, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының дамуы да кемел ойлы осы мамандық иелеріне тікелей байланысты екені сөзсіз. Өткен жылы өңірде 127,1 миллиард теңгеге 111 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ал, биыл құны 244 миллиард теңгені құрайтын 277 жоба іске асырылуда, оның 207-сі жыл соңына тапсырырылады. Бұл тізімде 50 көпқабатты тұрғын үй, 19 жаңа мектеп, 37 денсаулық сақтау, 13 спорт, 10 мәдениет, 7 ауыл шаруашылық нысандары және 65 инфрақұрылым жобасы бар. Халықтың қолайлы тұрмысына жан-жақты жағдай жасау үшін инфрақұрылым ауқымы да кеңейді. Жыл қорытындысымен бюджет есебінен 288,1 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді деп жоспарлануда. Нәтижесінде 4 144 кезектегі отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек. Бұл халықтың бірлігі мен экономикалық тұрақтылығы арқасындағы жетістіктеріміз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Бұдан соң еңбегі ерен құрылысшылар марапатталды. Соған сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен «Таразстрой-2004» ЖШС-нің директоры Мейірбек Жүнісов, «Аз и Мур» ЖШС-нің техника лық қадағалаушысы Есеналы Усенов, «Агроспецстрой» ЖШС мен «Құрылыс-2015» ЖШС прорабтары Мырзалы Раметов пен Нұрлан Есбосынов марапатталды. Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы өңірлер бойынша өкілдік жобасының басшысы Мұрат Сейдалин, «Таразстрой-2004» ЖШС директорының орынбасары Мәди Изенбаев, «ЕвроХим-Каратау» ЖШС-нің күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы Владимир Тимошенко, «Idealzorconst» ЖШС-нің авторлық және техникалық қадағалаушысы Адамбай Әбдіразақов, «Синдикат Групп» ЖШС-нің бас инженері Тимур Нарымбетов, «Компания Сырым Білеке» ЖШС өндірістік-техника лық бөлімінің басшысы Сәбит Төлеуов, «ҚазМұнайқұрылыс» ЖШС директорының орынбасары Ермұханбет Джачиев, «Астана Дор Архитекс» ЖШС директорының орынбасары Айтқұл Әбішев пен «Айна Сити» ЖШС құрылыс аумағының бастығы Алдан Жаппаровтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Бұдан өзге бір топ азамат салаға жауапты министрлік пен мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің Құрмет грамотасы және облыс әкімінің, Amanat партиясының Алғыс хаттарымен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.