Сайлаудың сын сағаты таяды

0 22

Елдіктің жайы, келешектің қамы үшін биылғы 20 қарашаға Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Бүгінде президент­тікке кандидаттар додаға дайындық үстінде. Ұлы науқанға сақадай сай екені байқалады. Сонымен бірге бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек екені, әрі қызыққа толы болатыны аңғарылады. Бұл туралы сәл кейін­ірек. Сайыстың қорытындысы қан­дай болса да, ол басты байлығымызға баланған ел бірлігін бекем, тәуел­сіз­дігімізді берік етіп, саяси тұрақты­лықты экономикалық жетістіктерге ұштастыруға жол ашуы шарт.

Ата заңдағы өзгеріске сәйкес болады

Мемлекет басшысын мерзімінен бұрын қайта таңдау ұсынысының қисын-ло­гикасы түсінікті: ол саяси жаңғырулардың, терең реформалардың қазіргі үдемелі қарқынын сақтау, саяси мәселелерді кейінге қалдырмай, қазірден шешу үшін қажет. Әйтпесе, Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы өтуі тиіс болатын. Бұл сайлаудан соң еліміз Әділетті Қазақстанды, соның ішінде басты мемлекеттік инсти­туттарды жаңа стратегияға сәйкес, кешенді түрде қайта жаңғыртуға кіріседі. Алдағы жылы Мәжіліс пен Сенат қайта құрылады. Яғни, қазақстандықтарды саясат сахна­сында іш пыстырмайтын біраз қызық күтіп тұр. Оның бәрі билік пен қоғамды жандан­дыруға, әр азаматтың белсенділігін арттыруға бағытталған.

Бұл жолғы сайлау жаңашылдықтарға өріс ашады. Мысалы, онда жеңіске жететін Президент мандаты 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Қайта сайлана алмайды. Осыны қарастыратын тиісті өзгерістер Ата заңға, конституциялық заңдарға енгізіліп, күшіне енді. Яғни, бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі сол, бұл жолы кандидаттардың бағдарламасы 7 жылмен шектеледі, ондаған жылдарға созылатын стратегия ұсына алмайды. Бұл да қисынды: қазіргі жаңа дәуірде уақыт сығымдала түсуде, найқалып-жайқалып жүруге мүмкіндік жоқ, әлемде техно­логия­лық жаңғырулар адам сенгісіз жылдам­дықпен ілгері озуда. Таяудағы 7 жылда саясат та, адамдар өмірінің барлық саласы да түбегейлі өзгеруі мүмкін. Демек, бүгін жазылған бағдарлама ол кезде өзекті бол­май қалуы кәдік.

Жалпы, президенттік мерзімді 7 жыл­дық бір мерзіммен шектеуді түрлі сарап­шылар демократия бағытындағы батыл қадам деп бағалады.

Бұл жолғы сайлауды даралайтын тағы бір жаңалық: іс басындағы Президент нақты бір партияның емес, қоғамдық күштердің кең ауқымды коалициясы атынан сынға түсіп отыр. Мұндай тәжірибе Қазақстан тарихы түгіл, посткеңестік кеңістікте болмаған, жаһанда да баламасы шамалы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елді елең ет­кіз­ген бұл жаңалығын 2022 жылғы 5 қазанда, жұмыс сапары аясында Павлодар облысы­ның жұртшылығымен кездесуде жария­лады. Ол өзіне әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан солардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар көп түскенін жеткізді. Мемлекет басшысы ойласа, ақылдаса келе, нақты бір ұйымнан емес, «елімізде жүргізіліп жатқан реформа­лардың әлеуметтік негізін қалыптас­тыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатыс­қаным дұрыс» деген тоқтамға келіпті. Мұн­дай тәсіл референдумда жаңғырған Ата заңымыздағы жаңа талаптарды, яғни Мемлекет басшысының түрлі партиялардан тең арақашықтықты сақтауы қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне кепілдік берді.

Президент орнынан үміткер нешеу?

Сонымен, кеше кешке, 11 қазандағы сағат 18:00-де Президенттікке кандидат­тарды ұсыну аяқталды. Бұл рәсім 23 қыркүйекте басталған еді. Яғни, тіркелген үміткерлер бүгіннен бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісе берсе болады. Сайлау алдындағы үгіт 19 қарашада сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Ал дауыс беру 2022 жыл­ғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

7 қазанда Орталық сайлау комиссия­сына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы құжаттар енгізілді. Ол құжаттарды «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, QAZAQSTAN ARDAGERLERI, Ардагерлер ұйымы, QAZAQSTAN TEAM, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спорт­шы­лар одағы» сияқты республикалық қоғамдық бірлестіктердің жоғары орган­дары тапсырды. Яғни, жастар ұйымдарынан бастап ардагерлерге дейінгі әлеуметтік барлық қабат қамтылып отыр.

Ал 8 қазанда Орталық сайлау комис­сиясы өз отырысында Президенттікке кандидат Қ.Тоқаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады. ОСК сұрауымен құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай, азамат Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенттігіне кандидат ретін­де тіркелуіне кедергілер жоқ екені анық­талды. ІІМ мәліметінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тумысынан Қазақстан азаматы, елде соңғы 69 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дере­гін­ше, Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызмет­тегі, сайланбалы мемлекеттік лауазым­дардағы жалпы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай.

сайлау сын сағаты

Нәтижесінде, Ортсайлауком кандидат Қ.Тоқаевты Конституцияда және «Сайлау туралы» конституциялық заңында қойыл­ған талаптарға сәйкес келеді деген қаулы қабылдады.

Жалпы, президенттік додаға қатысуға деген қызығушылық үлкен. 9 кандидат ұсы­нылып отыр: Президент Қ.Тоқаев сыр­тында, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан» – Қарақат Әбден, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлес­тігінен – Жұматай Әлиев, «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінен – Нұржан Әлтаев, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан» – Нұрлан Әуесбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық пар­тиясынан – Жигули Дайрабаев, «Қазақ­стан құрылысшылар одағынан» – Талғат Ерғалиев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығынан – Мейрам Қажыкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінен Сал­­танат Тұрсынбекова ұсынылды.

Еске сала кетсек, 2019 жылғы 9 маусым­да өткен Президент сайлауында 7 үміткер­дің бағы мен бабы сыналды.

Бәйге бюджеті қанша?

Сонымен бірге тосын оқиғалар да бол­ды. Мысалы, Орталық сайлау комис­сия­сына Польша азаматшасы Балли Мажец Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін білдіріп, бір­неше рет жүгініпті. ОСК мүшелері Ата заңымызға сәйкес, шетел азаматы Мем­лекет басшысы болып сайлана алмайтынын түсіндірді.

Конституцияның 41-бабының 2-тарма­ғына сәйкес, Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы ғана, яғни Қазақстан аумағында туған адамдар сайла­нуға құқылы. Дәл осындай талап АҚШ-та да бар. Бұған қоса, кандидат 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін мең­гер­ген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар Рес­публика азаматы болуы шарт. Сондай-ақ, «Сайлау туралы» заңның 54-бабының 1-тармағына сәйкес, Президент болып сайлану үшiн ол адамның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тә­жірибесі болуы шарт.

Мұның сыртында биылғы 29 қыркүйек­те И.Иманбаева есімді азаматша комиссия ғимаратына келіп, Прези­дент сайлауына өзін-өзі ұсынатынын мә­лім­депті. Оның бұған құқығы бар. Алайда ол сол бойы «заңда көзделген, қажетті құжат­тарды ұсын­баған» екен.

Сарапшылар бұл жолғы сайлау нау­қанын­дағы тағы бір шағын өзгеріске назар аударыпты: бұған дейінгі барлық пре­зиденттік додада барлық президенттікке кандидаттардан сынақ алған Мырзатай Жолдасбеков бұл жолы комиссияға кірмеді. Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін белгілеу жөніндегі лингвистикалық комиссияның құрамына бұл жолы филология, тіл білімі мен әдебиет саласындағы көрнекті ғалымдар: Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Жанқара Дәдебаев, Гүлтас Құрманбай, Дихан Қамзабекұлы, Анар Фазылжанова кірді. Олардың алдында кандидаттар үш бағыт бойынша сынақ тапсырды: шығарма жазды, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзіндіні мәнерлеп және қатесіз оқыды, кандидаттан өзі таңдаған тақырыпта көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеп, ойын қазақша нақты, жатық жеткізе білуі талап етілді.

Ортсайлауком төрағасының орын­басары К.Петровтың мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сай­лау­шылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 827 277 азамат енді.

Үміткерлердің сайлау алдындағы бұқаралық іс-шаралары, үгіт материалдары және көлік шығындары бюджеттен өтеледі. Осыған орай, бюджеттен әр кандидатқа 10,3 млн теңгеден бөлінді. Ал әр үміткердің төл сайлау қоры 1,6 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Соның ішінде кандидаттың өз қаражатының, оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік қаражатының қоры ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көрсеткішінің 12 мың есе мөлшерін, яғни 720 миллион теңгені құрайды. Тағы 15 мың ЕТЖ немесе 900 миллион теңгені республика азамат­тары мен ұйымдарынан ерікті қайырым­дылық жарна ретінде жинауға рұқсат.

Сайлау қорытындыларын жариялау және сайланған Президентті тіркеу дауыс беру өткен соң 10 күн ішінде жүзеге асады.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.