Салғырттыққа жол бермейік

8

 

Төтенше жағдай – адамдардың қаза табуына әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші нысандарға нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай. Бүгінде ғылыми-техникалық прогрестің шапшаң дамуынан өндіріс, құрылыс тау-кен байлығын өндіру, жаңа химиялық заттарды өндіріске енгізу сияқты  іс-әрекеттер жүргізіліп жатыр. Бұндай қарқынды даму экономикаға әсер еткенімен, экологиялық апатқа әкеліп соғу қаупі де бар. Кей жерлерде жаңа техниканы және технологияны, материалдарды пайдалану ережелері сақталмайды, қауіпсіздік шаралары орындалмайды. Осы секілді қателіктердің салдарынан өткен жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 754 оқиға тіркелген. Оның басым көпшілігі өрттен орын алған, дейді төтеншеліктер. Оқыс оқиғалардың негізгі себебі — электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу кезінде жиі кездеседі екен.

Жалпы өткен жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 500 мыңнан астам қоңырау түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,7 пайызға аз дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев. Алайда табиғи газбен улану жағдайы 2 есе артқан. Соның салдарынан 42 адам ауыр халде ауруханаға жатқызылып, 6 адам көз жұмған. Көміртегі тотығынан уланудың негізгі себебі азаматтардың салғырттығынан екен.  Жалпы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілеріне 1318 өрт-техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде 930 адам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып 175 адамға 5 миллион 290 мың 37 теңге көлемінде қаржылай айыппұл салынған.

Айта кетейік, жыл сайын тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу мақсатында төтеншеліктер жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп тұрады.  Өйткені бұқара көбіне газ мәселесіне келгенде салғырттық танытып, қауіпсіздікті мүлдем шығарып алады. Сол себепті тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін мейлінше жиі насихаттап тұрған жөн секілді.

Нұрдәулет Асан.