Сармат жауынгерлерінің сүйегі

0

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық экспедициясы сармат жауынгерлерінің сүйегін тапты. Университет ректоры Саламат Идрисовтің айтуынша, оқу орнының ғалымдары қазба жұмысын жүргізуге рұқсат алған екен. Соған орай 24 мамырда археологиялық экспедиция темір дәуіріне жататын қорғандарды зерттеуге кіріскен еді. Мұндай қорғандар Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан.

– Біздің университеттегі Х.Та­был­диев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының үш ғылыми жетекшісі мен 20 студенті Мұқыр ауылдық округіне қарасты Қа­рақұдық участігіндегі қорғандарға қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұ­мысы кезінде тарихи жәдігерлерге кезіктік. Мұнда сармат дәуіріне жататын жауынгерлердің сүйегі табылды, – дейді аталған ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғы­­лымдарының докторы Сайфолла Сапанов.

Оның мәліметінше, бір қорғаннан үш жауынгердің бірінің тұсынан қару-жарақтары мен екі мың жыл бұрынғы құмыра, төрт қойдың сүйегі табылып отыр. Қорғанда найза, белдікте пышақ, бір қорап жебе болған.

– Археологиялық экспедицияның бірінші кезеңінде бір қорғаннан осындай жәдігерлерді таптық. Бір қор­ғанда үш адамның жерленуі археологияда сирек кездеседі. Мұны біз сармат дәуіріндегі жауынгерлер деген тұжырым жасадық. Бір жа­уынгердің оң қолының білектен ке­сіл­геніне қарағанда, соғыста қаза табуы мүмкін. Қолбасшы болған шығар. Сол себептен, енді жауынгерлердің сүйе­гіне антропологиялық зерттеу жүр­гізіледі, – дейді археологиялық экспедиция жетекшісі Сайфолла Сапанов.

Экспедиция жетекшісінің пікіріне сүйенсек, енді археологиялық экспе­ди­цияның екінші кезеңіне археологтер тартылмақ. Оның арасында ха­лықаралық археологтер де бар.

– Сондай археологтың бірі – Б.Го­родивиков атындағы Қалмақ мем­лекеттік университетінің профес­со­ры, тарих ғылымдарының докто­ры Петр Кольцов. Жақында бұл ға­лым біздің экспедиция құрамына қо­сылып, қорғаннан табылған сармат дә­уіріндегі жауынгерлердің сүйегіне, өзге жәдігерлерге ғылыми-зерттеу, тал­­дау жүргізеді, – деген ойымен бө­лісті С.Сапанов.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.