Жаңалықтар

Байзақ ауданында 240 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілді

Облыс әкімі сарыкемерліктерге пәтер кілттерін табыстады

Бүгін Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында бірқатар отбасы баспаналы болды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев үйлі болған қоныс той иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Салтанатты шарада облыс әкімі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу екенін айтып, бұл мақсатта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біз облыс тұрғындарының қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен, биыл облыс бойынша 750,0 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз. (Оның ішінде: 258,0 мың шм көпқабатты тұрғын үй, 492,0 мың шм жеке тұрғын үй құрылысы есебінен). 2023 жылы 19 көпқабатты тұрғын үй (1100 пәтерлі) берілсе, ағымдағы жылы 2 569 пәтерлі 51 көпқабатты үй пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін өткен жылы 864 пәтер (7,8 млрд.тг.) сатып алынса, ағымдағы жылы 23,2 млрд. теңгеге 1 575 пәтер сатып алынатын болады»,-деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі сөзін сабақтай келе, жыл санап Байзақ ауданы дамудың даңғыл жолына түсіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын, ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан халқының саны артып келетінін тілге тиек етті.

«Осы орайда, тұрғын үй кезегіне сұраныстың артып отырғаны белгілі. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 3006 тұрғын тұр. Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жөнінде аудан басшылығына нақты міндеттер жүктелді.Өткен жылы 240 пәтерді (2,5 млрд.тг.) құрайтын 5 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, биыл 1,6 млрд. теңгеге 120 пәтер сатып алынады. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ал 2023 жылы 10 тұрғын пайдалануға берілген. Қазір 240 пәтерлі 4 тұрғын үйдің кілтін табыстайтын боламыз», - деген Ербол Шырақбайұлы баспана иелерін жаңа қоныстарымен құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.

Облыс әкімінің қолынан баспана кілтіне ие болған жанның бірі, Сарыкемер аулының тұрғыны, 8 баланың анасы Нағима Мамбетованың қуанышында шек жоқ.

«Біз үшін бүгін қуанышты күн. Баспана кілтін табыстап жатқан облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Мен 8 баланың анасымын. Сол балаларымның нәсібі шығар. Жаңа баспанаға қол жеткізіп жатырмыз. «Қуаныш бөліссе, көбейеді» демей ме, біздің қуанышымыз бәріңізге жұғысты болсын», -деді көпбалалы ана.

Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді.

2023 жылы 19 тұрғын үй (1 100 пәтерлі) пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 51 көпқабатты тұрғын үйді (2 569 пәтерлі) тапсыру жоспарланған.

Сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін өткен жылы 864 пәтер сатып алынса, ағымдағы жылы 23,2 млрд.т теңгеге 1 575 пәтер сатып алу көзделуде.