Саясат Нұрбек Тараздағы университеттің балық өсіру зауытында болды
Министр зауыт жұмысымен танысып, аквакультура өнімдерін өсірудегі инновациялық тәсілдерге жоғары баға берді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті қызметімен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сапар барысында министр университет базасында жұмыс істейтін заманауи балық өсіру зауытын аралап көрді.
Саясат Нұрбек қазіргі заманғы университеттер тек диплом беретін мекемелер емес, өңір экономикасының драйверіне айналатын ғылыми орталықтар болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, болашақ мамандар аудиторияда алған теориялық білімін осындай өндірістік цехтарда тәжірибемен ұштастырғанда ғана нағыз кәсіби деңгейге жетеді. Мұнда болашақ ихтиологтар мен биотехнологтар шабақтарды күтіп-баптаудан бастап, дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі балық шаруашылығының толық циклін меңгеруде.
Зауыттың маңызы тек білім берумен шектелмейді. Кәсіпорын отандық аквакультураны дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға елеулі үлес қосып, өңірді жергілікті экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, коммерцияландыру гранты аясында Ғылым қоры АҚ арқылы жүзеге асырылған.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында 148 су айдыны бар. Соның 80-і бойынша университет ғалымдары ғылыми-биологиялық негіздеме әзірлеген.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек университет ұжымына шығармашылық табыс тілеп, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ықпалдастыру жұмыстарын одан әрі жоғары деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
Бұл сапар өңірлік жоғары оқу орындарының зор әлеуетін және олардың инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.