Жаңалықтар

Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады

Сайлаушылардың 69,2 пайызы сайлауға қатысып, белсенділік танытқан

Жамбыл облысы бойынша учаскелік референдум жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Бүгін таңғы 07:00-де басталған жалпыхалықтық референдум кешкі сағат 20:00-де ел бойынша жабылды. Біз де Тараз қаласындағы №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте орналасқан №78, №79 референдум учаскесінің жабылу рәсімінің куә болдық. Аталған учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бақыт Сапаралиева бүгінгі референдумның өз мәресіне жетіп, №78 референдум учаскесінің жабылғанын жария етті.

Комиссия төрағасының айтуынша, учаскедегі сайлаушылар тізіміне енген сайлаушылар саны 2018 адам болса, оның 1412-сі сайлау учаскесіне келіп өз таңдауларын жасаған. Жалпы, сайлаушылардың 69,2 пайызы сайлауға қатысып, белсенділік танытқан. 
Бір атап өтерлігі, бұл учаскеде үйде дауыс берушілер болмаған. Белсенділік таңғы 07:00-ден 11:30-ға дейінгі аралықта байқалып, осы уақыт аралығында сайлаушылардың 50 пайызға жуығы келіп бюллетеньдер алып, өз таңдауларын жасапты. 

Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бақыт Сапаралиеваның айтуынша, референдум заң талаптарына сай өткізілген. Референдум  барысында ешқандай заң бұзушылықтар орын алмаған

Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша 508 референдум учаскесі жұмыс істеген. Жалпы 717 мыңнан аса жамбылдық референдумда дауыс беру құқығына ие болған.