Сайлауалды бағдарламалардың орындалуы басты назарда
Партиялардың сайлауалды бағдарламаларының орындалуы ел сенімін нығайта түсетіні белгілі. Бұл бағытта Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында өңір халқына қолайлы жағдай жасау үшін барлық сала қамтылып, оның нақты орындалу мерзімі белгіленген. Ал, бағдарламаның орындалуы қашанда "Аманат"партиясының Жамбыл облыстық филиалының бақылауында. Осы мақсатта облыстық партия филиалының ғимаратында сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде жол картасындағы 2024 жылға қарасты көрсеткіштердің орындалу жайы қарастырылды. Жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық партия филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен басқарма басшылары қатысты. Басқосуда Нұржан Календеров жол картасы аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ, Нұржан Календеров экологиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау, білім мен мәдениет бағыттары бойынша «Дипломмен ауылға», «Жайлы мектеп», «Ауыл – ел бесігі» жобаларының атқарылуына баса мән беріп өтті. Айта кетейік, биыл облыста «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 220 маман үшін 1,8 миллиард теңге бюджеттік несие қарастырылса, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1,5 миллиард теңгеге 5 мәдениет нысандарының құрылысы жүргізілуде. Ал, жайлы мектеп жобасы аясында облыста салынуы қажет 12 мектептің жетеуінің құрылысы қолға алынған. Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұмбеков Шайқорық елді мекеніндегі мектеп жайын сұрастырды. Еске сала кетсек, экологиялық ахуалға байланысты аталған аумақта жайлы мектеп салудың тиімсіздігі тұрғындар мен депутаттар тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, мәселе жақында ғана оңтайлы шешімін тапқан болатын. Бұл бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов жауап берді. Басқарма басшысының айтуынша, Шайқорық елді мекенінде мектеп салу мәселесі келесі жылы жүзеге ааспақ. Сондай-ақ, биыл құрылысы бітуге тиіс 7 мектептің ішінде Қордай ауданы Қаракемер ауылында жайлы мектептің құрылысы жобалық сметалық құжаттамалары дайын болмауына байланысты келесі жылға қалдырылған. Бұдан өзге құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Басқосуда сонымен бірге облыстық мәслихат депутаттары өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Жанар Бүркітбаева Құмшағал аймағында санитарлық талаптарды сақтау мақсатында тұрғын үйлердің әжетхана құрылысын салуда бетондалмайтынын алға тартты. Депутаттың сөзінше, бұл сол аймақтағы 25 су қоймасының ластануына себеп болмақ. Сондай-ақ, Дамир Ташқараев «Казфосфат» ЖШС-ң қоқыс үйінділерін белгіленген аймақтан тыс қала маңындағы Шайқорық, Танты ауылдарының іргесіне тастап жатқандығын жеткізіп, зауыт тарапынан жергілікті тұрғындарға экологиялық ахуалға байланысты өтемақы төленбейтіндігін айтты. Сондай-ақ, Анар Бексұлтанова II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да инватакси қызметі қарастырылу қажеттігін жеткізді.
Жиында депутаттарға көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқарма басшылары тарапынан жауап берілді. Басқосуды қорытындылаған Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов халық қалаулылары көтерген мәселелердің оңтайлы шешімін табу және партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерге қол жеткізу мақсатында атқарушы орган басшыларына өзара бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін алға тартты.