Жаңалықтар

Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды

Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Ерлан Абаев қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Мемлекеттік арнаулы қордың қаражаты есебінен салынған нысан «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің аумағында бой көтерді. Аталған орталықта 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар, I және II топтағы мүгедектігі бар 400 қызмет алушыға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мұнда 1964 және 1970 жылдары салынған екі корпус бар.

Жаңа қосымша корпустың жалпы аумағы 6 281,8 шаршы метрді құрайды. Нысан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес келеді. Ғимаратта емдік-еңбек шеберханасы, медициналық кабинеттер, заманауи асхана мен буфет, шаштараз бөлмесі, кітапхана және жатын бөлмелер қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл мекеме ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Нысан іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға сапалы қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша мұндай қызметке 101 адам кезекте тұр.

Облыста әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірде 23 800 мүгедектігі бар адам тұрады. 2026 жылы аймақтағы 15 мыңнан астам мүгедектігі бар жандарды техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 3,3 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 200 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып отыр. Облыста арнаулы әлеуметтік қызметтермен 6 мыңға жуық адам қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанында салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Бородулиха ауданында және Семей қаласында орналасқан қарттар үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Әлеуметтік мекемелердің қызметін арттыру мақсатында 20 автокөлікті (оның ішінде 7 инватакси) лизинг арқылы сатып алу жоспарланып отыр.