Сенат депутаты: "Айыппұл төлеудегі 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау керек"

Сенат депутаты жол қозғалысы ережесін қасақана бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұлдан 50 пайыздық жеңілдікті алып тастауды ұсынды
Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдаған Марат Қожаевтың айтуынша жол жүру ережесін жиі және қасақана бұзатын көлік иелері үлкен мәселе туындатып отыр,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қайта-қайта жол ережесін бұзған жүргізушілерді қайта емтихан тапсыруға міндеттемейді. Арнайы құралдар бұзылған ережені ғана тіркейді. Ал жүргізушінің тәріп бұзуға бейімділігін, қауіпті әрекеттерге жиі баратынын есепке алмайды.
Мысалы ел бойынша бір басында миллиондаған айыппұлы бар, жүздеген мәрте ереже бұзған жүргізушілер бар. Олар бір мәрте ереже бұзған соң, жауапқа тартылғанымен істеген әрекетінен сабақ алмайды.
Оның пікірінше, жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін айыппұл жеткіліксіз. Бірқатар елдерде тәртіп бұзушыларды сабасына түсірудің қосымша тетіктері қолданылады және олардың тиімділігі дәлелденген. Мысалы, Германияда айыптық балл жүйесі бар. Ережені өрескел бұзған жүргізушілерге балл беріледі, ал белгілі бір межеге жеткен жағдайда олар автоматты түрде көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Францияда арнайы техникалық құралдар арқылы тіркелген қайталанған заң бұзушылықтар айыппұлмен ғана шектелмей, жүргізуші куәлігінің белгілі бір мерзімге тоқтатылуына әкеледі. Ал Сингапурда айыптық балл жүйесі жол қозғалысы ережелерін қайта оқытумен және аса ауыр заң бұзушылықтар үшін көлікті тәркілеу жазасымен қатар қолданылады.
Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіп, техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп құқық бұзушылығы бар жүргізушілер үшін жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді, сондай-ақ камералар арқылы тіркелген қайталанған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтіп, тіпті жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату шарасын қарастыруды ұсынды.