«Шұғыл»: Ғани Бейсембаев ел мектептерін аралап жүр
Оқу-ағарту министрі Ақтөбе облысына барды
Министр Ақтөбе облысында мектеп директорларымен және педагогтермен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Кездесуде министр мектепте тәрбие жұмысы басым бағыттардың бірі болып қала беретінін, бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің мәртебесі бекітілгенін еске салып, педагогтерге бала құқығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстауды тапсырды.
«Тәрбие жұмысы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Мектеп әкімшіліктері білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балаларға тәрбие мен білім беруде жайлы орта құру мәселесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл үшін мемлекет жан-жақты қолдауды жүзеге асыруда – заңнамалық шаралар қабылданды, психологиялық қызметтің рөлі күшейтілді, бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің мәртебесі бекітілді. Қабылданған бағдарлама шеңберінде алдын алу, ақпараттық жұмыстарды және ата-аналармен өзара іс-қимылды тиімді жалғастыру қажет», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздарға жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
"Атап айтқанда, аттестаттаудан өткізу қағидалары қайта қаралды, педагогтердің сапалы құрамын жасақтау, өңірлерде білім беру инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар бастамалар іске асты. Соңғы төрт жылда елімізде бір миллионға жуық оқушы орны қолданысқа берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 154 жаңа білім беру нысанының пайдалануға берілуі есебінен 12 апаттық, 29 үшауысымды мектеп мәселесі шешімін тапты. Мектептерді пәндік кабинеттермен жарақтандыру көрсеткіші 2 есеге ұлғайды, интернет сапасы жақсарды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Биылғы оқу жылында 365 мың оқушыға арналған 221 мектеп ашу жоспарлануда", -деді ол.
Сондай-ақ Ұстаздар күні қарсаңында Ақтөбе облысының педагог-шебер біліктілік санаты бар мұғалімдері министрдің қолынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды.
Кездесуді қорытындылай келе, министр ұстаздарға еліміздің білім саласына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.