Жаңалықтар

Шудағы жүкті әйелдің өлімі: Аурухананың бас дәрігері қызметінен шеттетілді

Бұған дейін Шу ауруханасына жүкті болып түскен келіншектің денесін жұбайы жертөледен тапты деген ақпарат тараған еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы Шу аудандық ауруханасында жүкті әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша тексеріс жүргізеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz  kaz.inform.kz сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Шу ауданындағы ана өлімі фактісі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шу ауданының емханасы мен ауданаралық орталық ауруханасына қатысты тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, тексеруді бастады.

Денсаулық сақтау министрі Жамбыл облысының әкімімен өңірлік босандыру қызметі жұмысының сапасын жақсарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын талқылады. Жамбыл облысында медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында ведомство басшысы Тараз қаласында вице-министр Е.Нұрлыбаевтың төрағалығымен ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын өткізуді тапсырды, оның шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша жедел шаралар әзірлеу жоспардар бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзушылықтарды жою мақсатында Жамбыл облысының барлық босандыру ұйымдарына мониторинг жүргізуге бастамашылық жасады. 

Бұдан басқа, Шу көпбейінді орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесінің төсектерін акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді өңірлендірудің II деңгейіне сәйкес келетін аудандық орталық аурухана деңгейіне ауыстыру жоспарланып жатыр.