Жаңалықтар

"Сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ": Президент Олимпиадаға қатысатын спортшыларға мемлекеттік туды тапсырды

Мемлекет басшысы Асланбек Шымбергеновке Мемлекеттік туды тапсырды.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақорда" резиденциясында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Ақорда сайтына сілтеме жасай отырып.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтып, тек үздіктер бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, дүбірлі додада ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын, бүгінгі ұрпақ сол батырларымыздың жолын лайықты жалғайтынына сенім білдірді.

Президент спортшыларға қарата ел намысын абыроймен қорғау үлкен миссия екеніне тоқталып, қазақстандық спорт саңлақтарына сәттілік тіледі.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 

Еске салайық, Париждегі Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды.