Жаңалықтар

Шырын Мамасерікованың брайль қарпіндегі және аудио форматындағы үнтаспасының тұсауы кесілді

Тың туынды оқырманға жол тартты

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың «Елге деген махаббат» атты туындысының брайль қарпіндегі және аудио форматындағы үнтаспасының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

«Өлеңімнің әр жолы - өмірбаян» деп аталатын әдеби кеш барысында жинақтың тұсаукесерімен қатар ақынның балалық шағынан үзік сыр шертетін сахналық қойылым көрермендер назарына ұсынылды.

 Зиялы қоғам өкілдері, жергілікті қаламгерлер, әріптестері мен оқырмандар «Ақынға - 100 сұрақ» форматымен көкейкесті сауалдарын қою арқылы қаламгерді жан-жақты қырынан тануға мүмкіндік алды.

Бұл шараның басты мақсаты – «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Әдеби өлкетану» бағытын жүзеге асыру, ақынның «Елге деген махаббат» кітабын зағип жандарға қолжетімді ету, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің маңыздылығын арттыру, сондай-ақ, жастардың ғылымға, білімге қызығушылығын оятып, отаншылдық пен ұлттық рухты нығайту.

Әдеби кеште ұлтымыздың мәдени мұрасы дәріптеліп, қазақ руханиятының терең тамырларына бойлауға мүмкіндік алды.

 

 

Бақытжан Бекболат