Жаңалықтар

«Сотталуы мүмкін». Петропавлда әскер қатарына алынып, қашып кеткен жігіттер іздестірілуде

Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған жігіттер ұсталса, сотталуы мүмкін

СҚО-да  әскерге шақырылғандардың арасында екі жігіт бөлімге бара жатқан жолда пойыздан қашып кеткен. Оларға іздеу жарияланған, деп хабарлайды  Jambylinfo.kz СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, оқиға 27 сәуір күні кешкі уақытта болған. Жігіттер Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының 2024 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «жеке» шенімен міндетті әскери қызметке шақырылған. 

Қылмыстық кодекстің 442-баптың 2-тармағы бойынша жігіттер дезертирлеу, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетінше тастап кету, сол сияқты сол мақсатта қызметке келмеген жағдайда олар бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.